TOP-2Жаңалықтар

«30 жыл бойы неге еске алмадыңдар» – Баян Алагөзова қамзол дауы жайлы

Продюсер Баян Алагөзова «Қыз Жібек» фильміндегі қамзолды өзіне алғаны үшін туындаған дау жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алагөзова өз ұстанымын Instagram-да жариялады.

«Білесіздер ме, менің мәдени “шогым да шокта”. Неге екені белгісіз, 50 жылдан астам уақыт бойы бұл қамзол ешкімге керек болмаған. Ешкім оны есіне де алмаған. Неге осыған дейін 30 жыл бойы еске алмадыңыздар? Ал ұлы фильмнің костюмдері қайда? Олар қайда? Оларды кім сақтап қалды? Ешкім сақтамаған», – деді Баян Алагөзова.

Баян Алагөзованың айтуынша, қамзол ешбір ресми тізілімде тіркелмеген және ұзақ уақыт бойы жеке адамның қолында сақталған.

«Бұл костюм ешкімге ештеңе қарыз емес. Ол ешбір құжатта, ешбір баланста тіркелмеген. Оны бір қасиетті әйел өз үйінде сақтап келген… Енді ол қамзолдың сенімді, жақсы қолда болғанын қалады. Жылына 30 адам ғана баратын музейде емес… Оны маған беруді жөн көрді», – деп атап өтті Баян Алагөзова

Продюсер бұл мұраны кеңінен насихаттап, костюмді қайта жаңғыртуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Мен оны қайтадан жасап шығамын, 600 дана көшірмесін тігемін, әр адам бұл “Қыз Жібек” қамзолы екенін білсін. Келесі жылы “Қазақ аруы” байқауы аясында, 17-ші рет қатарынан, дәлме-дәл көшірмелерін тігемін», – деді ол.

Сондай-ақ Баян Алагөзова актриса Меруерт Өтекешованың еңбегі ерекше құрметке лайық екенін атап өтті.

«Мен оның киімінің көшірмелерін тігемін… Немесе музейге тапсырамын. Сол жерде ілініп тұрсын, жылына 30 адам қарап жүрсін… Бұл қамзол менікі екенін және мен оның сұлулығын насихаттау үшін барымды салатынымды қабылдайық. Бұл сұлулықты Гүлфайрус Ысмайылова жасаған», – деп қосты ол.

Бұған дейін Алагөзова Instagram желісінде бұл аңызға айналған қамзолды көрсетіп, оның сыйлық ретінде берілгенін айтқан еді. Дәл осындай қызғылт қамзол актриса Меруерт Өтекешова «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған кезде киген.

Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан продюсер Баян Алагөзованың «Қыз Жібек» фильміндегі киіміне қатысты жариялаған жазбасына байланысты түсініктеме таратып, қамзолдың оған қалай берілгені анықталып жатқанын хабарлаған.

Back to top button