Қай өңірлерге ыстық түседі – Қазгидромет жаз басындағы ауа райы болжамын жария етті
Жаз басында еліміздің басым бөлігінде алдағы күндері ауа райы құбылып, аспанды қалың бұлт торлайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Атмосфералық фронттардың әсерінен бірқатар өңірде жаңбыр жауып, күн күркіреп, найзағай ойнайды деген болжам бар. Кей аймақта табиғаттың тосын мінезі күшейіп, бұршақ аралас нөсер мен екпінді жел тұрғындарды әбігерге салуы мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, 2 маусым күні Павлодар облысында нөсерлетіп жаңбыр жауады. 3 маусымда Атырау мен Маңғыстау облыстарында көк жүзін қара бұлт қаптап, толассыз жауын күтіледі. Ал 3-4 маусым аралығында Ақтөбе облысында, 4 маусым күні Қостанай өңірінде қатты жаңбыр жауып, кей жерлерде бұршақ түсуі ықтимал. Сонымен қатар, желдің екпіні күшейіп, дауылды сипат алуы мүмкін.
Жалпы республика аумағында желдің күшеюі болжанып отыр. Әсіресе оңтүстік-батыс пен оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұрып, көріну қашықтығы төмендеуі ғажап емес.
Ауа температурасына келсек, батыс өңірлерде күн жылып, сынап бағаны +23…+28 градусқа дейін көтеріледі. Ал солтүстік-батыста, керісінше, күн салқындап, ауа температурасы +13…+26 градус шамасында болады. Солтүстік аймақтарда +25…+32 градусқа дейін жылыса, орталық және шығыс өңірлерде аптап ыстық күшейіп, +27…+36 градусқа дейін жетеді. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста ауа райы сәл саябырсып, күндізгі температура +25…+35 градус аралығында сақталады.