Жаңалықтар

Өскемен тұрғыны аты-жөні соғысқа қатысқандар тізімінде жарияланғаннан кейін Бас прокурорға жүгінді

Өскемен қаласының тұрғыны Андрей Котов Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловқа бейнеүндеу жолдады. Ол өзінің аты-жөні Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты делінген қазақстандықтардың тізіміне енген жарияланымға байланысты жағдайға назар аударуды сұрайды. Котовтың айтуынша, ол ешқашан соғысқа қатыспаған. Осыған байланысты ол журналист Лұқпан Ахмедияровтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр. Журналист өз парақшасында осы турасында түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Котов не үшін арызданып отыр

Андрей Котовтың айтуынша, 2024 жылы Ахмедияров Instagram және YouTube желілерінде Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты делінген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған. Котов сол тізімнен өзінің деректерін көргенін айтады.

«Мен бұл қарулы қақтығысқа да, соғысқа да қатысқан емеспін. Украинада ешқашан болмағанмын және бұл ақпаратты толығымен жоққа шығарамын. Бұл тізімге қалай кіріп кеткенімді білмеймін», – деді Котов бейнеүндеуінде.

Оның айтуынша, жарияланым шыққаннан кейін оған полиция қызметкерлері келіп, қайда болғаны және қайда барғаны туралы сұрақтың астына алған. Котов құқық қорғау органдарына сұратылған барлық ақпаратты бергенін айтады. Алайда Котовтың сөзінше, жарияланымның салдары оның күнделікті өміріне де әсер еткен. Оның отбасымен, достарымен, әріптестерімен және көршілерімен қарым-қатынасы нашарлаған. Енді ол айналасындағы адамдардың сұрақтарына жауап беріп, соғысқа қатыспағанын қайта-қайта дәлелдеуге мәжбүр екенін айтады.

Котовтың айтуынша, ол туралы ақпарат тиісті деңгейде тексерілмей таратылған. Сондай-ақ ол кейін Ахмедияровтың бейнежарияланымын көргенін айтады. Котовтың сөзінше, журналист онда нақты ол туралы айтылмағанын, әңгіме аты-жөні ұқсас басқа адам жайында болғанын мәлімдеген. Алайда Котов бұл пікірмен келіспейді. Өйткені оның айтуынша, жарияланған тізімдегі адамның аты-жөні мен туған күні оның деректерімен сәйкес келген. Енді Өскеменнің тұрғыны Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловқа тікелей жүгініп отыр. Ол прокуратурадан болған жағдайдың мән-жайын анықтап, оған құқықтық баға беруді және тиісті шаралар қабылдауды сұрайды.

Лұқпан Ахмедяров не дейді

Журналист Лұқпан Ахмедияров өзінің жеке парақшасында Астана қаласында полиция басқармасына осы іс бойынша шақырылғанын айтты. Сөзінше, Өскемен тұрғыны үстінен арыз түсірген.

““Хочу жить” жобасы бұрын Украинадағы әскери қақтығысқа Ресей жағында қатысқан Қазақстанның 660 азаматының тізімін жариялаған еді. Мен сол туралы шығарылым жасағанмын. Сол тізімде кісінің аты аталған. Тиісінше, сол тізімдегі кісімен тура аттас адам маған арыз жазып отыр. Оның сөзінше, ол ешқашан әскери қақтығыстарға қатыспаған. 2024 жылдан бастап ол полицияда бірнеше рет жауап бергенін айтқан. Сол үшін полицияға жүгініп, маған арыз жазған”, – дейді журналист.

Полиция қызметкері журналистің көзінше арыз жазған адамға қоңырау шалған. Әлгі азамат журналистен егер сол 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жарияланымды арнасынан жойса, ешқандай арызы болмайтынын айтқан. Осыдан кейін аталған жарияланымды Лұқпан Ахмедяров арнасынан өшірген. Алайда одан жауап келмеген соң Ахмедяровты полиция үйіне жіберген. “Қазіргі жағдай осы” деп түйді әңгімесін Лұқпан Ахмедяров.

“Хочу жить” жобасы жайлы

«Хочу жить» (Өмір сүргім келеді) – Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы үйлестіретін мемлекеттік жоба. Ол 2022 жылы Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы басталғаннан кейін іске қосылған. Жобаның негізгі мақсаты – соғысқа қатысқысы келмейтін немесе тұтқынға өз еркімен берілгісі келетін ресейлік әскери қызметшілерге қауіпсіз байланыс арнасын ұсыну. «Хочу жить» сонымен қатар, уақыт өте келе Ресей армиясындағы шетел азаматтарына, соның ішінде келісімшартпен қызмет етіп жүрген азаматтарға қатысты ақпараттарды да жариялап отырады.  Бұған дейін “Ресей жағында соғысып жүр” деп, жоба 660 азаматтың тізімін жариялаған еді.

Back to top button