Жаңалықтар

Оқымай «дәрігер» атанғандар: Шымкентте 1,3 млрд теңгелік схема әшкереленді

Шымкентте студенттерді тек қағаз жүзінде оқытып, мемлекеттен миллиардтаған теңге алған медициналық колледжге қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2018–2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің» құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, азаматтар колледжге формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде сабаққа қатыспаған және білім алмаған. Соған қарамастан, олар мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында оқитын студенттер ретінде рәсімделіп отырған.

«Сонымен қатар, медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделгені анықталды. Бұдан бөлек, «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі» іс жүзінде жұмыс істемеген және тек бюджет қаражатын алу үшін формалды құрылым ретінде пайдаланылған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 1,3 млрд теңгеден асты», – делінген хабарламада.

Іс материалдарына сәйкес, схеманы ұйымдастырды деген негізгі күдікті бұған дейін де ұрлық фактісі үшін сотталған. Кейінгі 3 жылда түрмеде отырғанына қарамастан, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарғаны айтылып отыр.

Тергеу барысында күдіктілер 65 млн теңге көлеміндегі шығынды ерікті түрде өтеген. Сот санкциясымен үш пәтерге, оның ішінде Дубайдағы пәтерге, сондай-ақ үш тұрғын үй мен үш автокөлікке тыйым салынды.

Қазір екі күдікті қамауға алынған. Тағы үш адамға ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Back to top button