$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

«Одиссея» Universal тарихындағы ең табысты фильм деңгейіне жетті

Ноланның «Одиссеясы» Universal тарихындағы ең көп табыс жинаған фильм болды

Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмі прокатқа шыққанына екі айға жетпей, әлем бойынша 1,68 млрд доллардан астам табыс жинады. Осылайша картина «Юр дәуірі әлемін» басып озып, Universal Pictures студиясының кассалық рекордын жаңартты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Он жылдан астам сақталған рекорд жаңарды

Бұған дейін Universal Pictures тарихындағы ең көп түсім жинаған фильм атағын 2015 жылы жарық көрген «Юр дәуірі әлемі» иеленіп келген. Оның әлемдік кассалық түсімі шамамен 1,67 млрд доллар болған. Енді бұл көрсеткіштен Ноланның ежелгі грек эпосына негізделген туындысы асып түсті.

Студияның ең табысты үш фильмінің қатарына 1,51 млрд доллар жинаған «Форсаж 7» де кіреді. Universal Pictures фильмдерінің кассалық түсімі бойынша алғашқы ондығы мынадай:

  1. «Одиссея» (2026) — 1,68 млрд доллар.
  2. «Юр дәуірі әлемі» (2015) — 1,67 млрд доллар.
  3. «Форсаж 7» (2015) — 1,51 млрд доллар.
  4. «Ағайынды Супер Марио кинода» (2023) — 1,36 млрд доллар.
  5. «Юр дәуірі әлемі 2» (2018) — 1,30 млрд доллар.
  6. «Форсаж 8» (2017) — 1,23 млрд доллар.
  7. «Миньондар» (2015) — 1,16 млрд доллар.
  8. «Юр дәуірі саябағы» (1993) — 1,06 млрд доллар.
  9. «Жексұрын мен 3» (2017) — 1,03 млрд доллар.
  10. «Супер Марио: Галактикалық кино» (2026) — 1,01 млрд доллар.

«Одиссеяның» әлемдік прокаты жалғасып жатыр. Сарапшылар болжамына сәйкес, фильмнің қорытынды түсімі 2 млрд доллардан асуы мүмкін.

«Одиссея» не жайлы фильм

«Одиссея» – ежелгі грек ақыны Гомердің аттас эпосы негізінде түсірілген шытырман оқиғалы фильм. Оқиға Троя соғысынан кейін еліне оралуға аттанған Итака патшасы Одиссейдің сапарын баяндайды. Жолда ол серіктерімен бірге табиғаттың дүлей күшіне, мифтік мақұлықтар мен түрлі қатерге тап болады.

Басты кейіпкер Одиссейді Мэтт Дэймон сомдайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Том Холланд, Энн Хэтэуэй, Роберт Паттинсон, Лупита Нионго, Зендея және Шарлиз Терон бар. Картина толығымен жаңа IMAX пленкалық технологиясын пайдаланып түсірілген. Мұндай формат теңіздегі сапарлар мен ауқымды көріністерді үлкен экраннан көрсетуге мүмкіндік береді.

Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Кристофер Нолан. Ол картинаны Эмма Томаспен бірге өздерінің Syncopy компаниясы арқылы продюсерлеген. «Одиссея» әлемдік прокатқа 2026 жылы 17 шілдеде шықты

Back to top button