Без рубрикиЖаңалықтар

“Одиссея” фильмі Ноланның ең көп ақша тапқан фильміне айналды

«Одиссея» фильмі өткен демалыс күндері бірден екі ірі рекорд орнатты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Гомердің эпикалық поэмасының ауқымды экранизациясы 1,1 млрд доллар жинап, режиссер Кристофер Ноланның ең көп табыс әкелген фильмі болды. Картина бұған дейін көш бастап тұрған, 2012 жылы жарық көрген «Қара рыцарь: Аңыздың қайта жаңғыруы» фильмін басып озды. Ол инфляцияны есептемегенде 1,08 млрд доллар жинаған еді.

Сонымен қатар «Одиссея» IMAX тарихындағы ең көп табыс жинаған фильмге айналды. Картинаның осы форматтағы кассалық түсімі 289 млн долларға жетіп, 2009 жылғы «Аватардың» 271 млн долларлық көрсеткішінен асып түсті. Бұл сома да инфляцияны есепке алмай көрсетілген.

Variety басылымы жариялаған соңғы дерек бойынша, «Одиссея» 2026 жылдың ең көп табыс жинаған фильмдері арасында екінші орында тұр. Көш басында 1,67 млрд доллар жинаған «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі тұр.

Сондай-ақ «Одиссея» R рейтингі бар фильмдер арасында тарихтағы кассалық түсімі жөнінен екінші орынға шықты. Бұл тізімде 2024 жылы 1,3 млрд доллар жинаған «Дэдпул мен Росомаха» ғана одан алда тұр.

Кристофер Нолан қазіргі заманның ең табысты режиссерлерінің бірі саналады. Оның «Қара рыцарь» трилогиясы, сондай-ақ «Бастау», «Дюнкерк» және «Интерстеллар» фильмдері жалпы алғанда шамамен 7 млрд доллар табыс әкелген.

Режиссердің үш фильмі 1 млрд долларлық межеден асқан. Олар – «Одиссея», «Қара рыцарь» және «Қара рыцарь: Аңыздың қайта жаңғыруы».

Back to top button