TOP-2Тергеу

Нұрбол Назарбаев сот алдында төлем жасауға қабілетсіз екенін дәлелдей алмады

Алматы облыстық соты Нұрбол Назарбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Сөйтіп Қарасай аудандық сотының оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданудан бас тарту жөніндегі шешімі күшінде қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Назарбаев қандай қарыздарын көрсеткен

Сот материалдарына сәйкес, Нұрбол Назарбаев өз өтінішінде мемлекет алдындағы берешегінің жалпы көлемі 57,9 млрд теңгеден асатынын көрсеткен.

Оның ішінде:

  • 55,9 млрд теңге – Активтерді қайтару жөніндегі комитет алдындағы міндеттеме;
  • 352 млн теңге – тұрақсыздық айыбы;
  • 1,69 млрд теңге – мемлекеттік баж сомасы.

Назарбаев қалдырған өтінішінде қымбат активтерге бенефициарлық қатысу және серіктестік байланыстар арқылы иелік ететінін айтқан. Оның сөзінше, серіктестері қарыздың бір бөлігін өтеуге дайын болған. Осыған байланысты ол соттан төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануды сұраған.

Сот не себепті өтінішті қанағаттандырмады

Бұған дейін Қарасай аудандық соты Назарбаевтың өтінішін қабылдамаған болатын. Ол бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Шағымында Нұрбол Назарбаев сот азаматтық заң нормаларын дұрыс қолданбады және істің мән-жайын толық бағаламады деп көрсеткен. Ол бірінші сатыдағы сот шешімін жойып, өз талабын қанағаттандыруды сұраған. Алайда облыстық сот алқасы төменгі сот шешімін өзгертуге негіз таппады.

Сот қандай дәлелдерге сүйенді

Апелляциялық сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі борышкердің нақты қаржылық жағдайы толық зерттелген соң ғана қолданылуы тиіс екенін атап өтті. Іс бойынша қаржы басқарушысы Назарбаевты төлем жасауға қабілетсіз деп танып, аталған рәсімді қолдануға негіз бар деген қорытынды берген. Алайда сот мұнымен толық келіспеді.

Сот материалдарында Нұрбол Назарбаевтың нақты табысы туралы мәліметтің аздығы көрсетілген. Атап айтқанда, мынадай кіріс көздері бойынша ақпарат ұсынылмаған:

  • кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс;
  • бюджеттен алынатын төлемдер;
  • банктік кірістер;
  • дивидендтер;
  • сақтандыру төлемдері;
  • ұтыстар;
  • мүлікті сату немесе жалға беруден түсетін кірістер.

Сондай-ақ оның шығындары туралы да толық ақпарат болмады. Сот міндетті төлемдер, коммуналдық шығындар, тамақтану, көлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және автокөлік жөндеу шығындары көрсетілмегенін атап өтті. Сот пікірінше, мұндай деректерсіз борышкердің қарызды өтеуге қанша қаражат жібере алатынын анықтау мүмкін емес.

Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот ұстанымын қолдады. Сот қаржы басқарушысы Нұрбол Назарбаевтың мүліктік жағдайын толық зерттемеген деді. Атап айтқанда, оның отбасылық жағдайы мен асырауындағы балалары туралы мәліметтер ескерілмеген.

Сот Нұрбол Назарбаевтың бұған дейін де осындай мазмұндағы өтінішпен жүгінгенін анықтаған. Сонымен бірге сот Назарбаев өзінің төлем қабілетсіздігін жеткілікті дәлелдемегенін, қарыз міндеттемелері пайда болған соң қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін шаралар қабылдағанын растай алмағанын атап өтті.

Қорытынды шешім

Алматы облыстық сотының сот алқасы Қарасай аудандық сотының 2026 жылғы 27 наурыздағы шешімін өзгеріссіз қалдырды. Нұрбол Назарбаевтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылған жоқ.

Сот қаулысы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді және кассациялық тәртіппен қайта қаралмайды.

Нұрбол Назарбаев жөнінде Бас прокуратура не деді

Мұның алдында Нұрбол Назарбаевқа қарсы арыз бойынша тексеру қайта басталғанын жазған болатынбыз. Болат Назарбаевтың ұлын тексеру жөнінде бұған дейін екі депутат – Ермұрат Бапи пен Ринат Зайыт бастама көтеріп, Бас прокурорға сауал жолдаған еді. Оларға берген жауабында Берік Асылов Қуат Ерментаевтың арызы бойынша қосымша тергеу бастағалғанын хабарлады

Бас прокурордың хабарлауынша, Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қуат Ерментаевқа тиесілі «PORUS» ЖШС-ның жарғылық капиталының 16% үлесін заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша тергеп-тексеруді жүргізген (ҚК-нің 249-бабының 1-бөлігі). Оның нəтижесі бойынша қылмыстық іс 22.02.2024 ж. қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Back to top button