$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Оқиға

Нұрай ісі: сотта жаңа шындық ашылды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты жаңа деректер жария болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қайта келіп, тағы пышақтады»

Куә Индира Беркінбаеваның айтуынша, 2026 жылғы 11 қаңтар күні кешке ол көшеден көмек сұраған айқай естіген. Жас жігіт алғашында өтіп кеткенімен, арада бірнеше секунд өткен соң кері бұрылып, жәбірленушіге қайта жақындаған.

«Мен оған: “Не істеп жатырсың? Қазір полиция шақырамын!” деп айқайладым. Әрі қарай жүріп кеттім, бірақ әлгі жігіт қайта оралды. Қарасам, қыз екі көліктің арасында жерде жатыр екен. Ол қызға жақындап, күртесінің қалтасынан пышақ шығарып, тағы 2-3 рет сұқты. Қатты қорыққаным сонша, қол-аяғымды қимылдата алмай, қатып қалдым», – деді Беркінбаева сотта.

Оның айтуынша, шабуыл бар болғаны бірнеше минутқа созылған. Өз өміріне қауіп төнгенін сезген әйел көмек шақыру үшін үйіне қарай жүгіріп кеткен.

Үш бірдей айып тағылды

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда болған. Қылмыстан кейін күдікті Шерхан Аймахан оқиға орнынан қашып кеткенімен, екі тәуліктен кейін полиция қызметкерлері оны ұстаған.

Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған:

  • аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру;
  • сталкинг (қудалау);
  • некеге тұруға мәжбүрлеу.

Бұған дейін сот отырысында айыпталушы Нұрай Серікбайға нақты қанша пышақ жарақатын салғанын есіне түсіре алмайтынын, сондай-ақ алғашқы соққының қандай жағдайда жасалғанын түсіндіре алмаған.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button