TOP-1Тергеу

Молдаханның ұсталуының заңды негізі бар, бірақ оны айтуға құқығым жоқ – Әбенов

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов белгілі заңгер әрі блогер Әділет Молдаханның ұсталуының заңды негізі бар деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Заңгер ұсталғаннан кейін депутат Мұрат Әбенов “бұл іс менің назарымда” деген еді. Мәжілісменнің назары оған қалай көмектесе алатынын Tizgin.kz тілшісі Әбеновтің өзінен сұраған.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

“Көмектеспеймін. Көмектесе алмаймын. Араласуға құқығым жоқ. Қоғам маған жазып жатқаннан кейін қаншалықты заңды негізде ұсталғанын сұрадым. Менде бар ақпарат бойынша заңды негіз бар. Мен білемін, бірақ оны хабарлауға құқығым жоқ. Ол заңсыз ұсталды дегендей менде ешқандай ақпарат жоқ. Заңды негізі бар”, – деді Әбенов.

Мұрат Әбенов Әділетхан Молдаханды танымайтынын, бұрын қандай іс жасағанын білмейтінін айтты.

Әділетхан Молдахан Алматыдағы жол апатына байланысты тексерілуі тиіс полицияның нақты басщыларының есімін атады. Сол үшін де ұсталуы мүмкін бе? Осы сұраққа Әбенов “менде ондай ақпарат жоқ” деп қысқа қайырды.

ӘДІЛЕТХАН МОЛДАХАННЫҢ ҰСТАЛУЫ

Әлеуметтік желілерде бұған дейін заңгердің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алматы қалалық полиция департаменті кейін бұл мәліметті растады.

«Алматы қаласының полиция департаменті азамат М.-ға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.

Әділетхан Молдахан – азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Оның Instagram парақшасына бір миллионнан астам қолданушы жазылған. Жақында ол Алматыда үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын терең талдап, видео түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған еді. Сол үшін қоғамның қолдауына ие болған.

 

Back to top button