Экономика

Мобильді аударым: кәсіпкер күдігіне іліккендерге мамырда хабарлама келе бастайды

Ұжымнан ақша жинауға жауапты адамдар қандай есеп береді

Ертең елдегі екінші деңгейдегі банктердің бәрі салық органына өз клиенттерінің мобильді аударымдары туралы мәліметті тапсырып біту керек. Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановқа осы датаға байланысты бірнеше сұрақ қойылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Вице-министр ол мәліметтер сәуірдің аяғына дейін жан-жақты зерделенетінін айтады.

“Банктер мәлімет беретін кезең енді ғана аяқталды. Екінші деңгейлі банктерден ақпараттар түсіп жатыр. Біз оларды 15 сәуірге дейін қабылдап боламыз. Алғаннан кейін айдың аяғына дейін зерделеп, хабарламалар жібереміз. Ол хабарламаны орындау мерзімі – 30 күн. Әзірге қанша адамның тізімге ілінгені туралы нақты бір санды айтуға әлі ерте. Өйткені заңда көрсетілген мерзімдер әлі біткен жоқ. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша кездесіп жатсақ, сол кезде сіздерге мәлімет бере аламыз. Қазақстандықтар бұл хабарламаларды шамамен мамыр айында ала бастайды, – деді ол.

Ержан Біржанов туған күнге, батаға, қайғылы жағдайға байланысты көмек ретінде жасалған аударымдар кәсіпкерлік қызмет болып есептелмейтінін тағы да еске салды.

”Тіпті ұжымдағы бір адам ай сайын аударым жинайтын болса, камералдық бақылау аясында хабарлама жібереміз. Сол хабарламаға жауап ретінде ұжымдағы адамдардан ақша жинауға жауапты екенін түсіндіру керек. Осындай сәттің бәрін ескереміз. Аударымның бизнеске қатысы жоқ болса, бір де бір қазақстандық бұл шарадан зардап шекпейді.

Негізі кәсіпкер ретінде тіркелген адамдардың шоттары бөлінген болу керек. Кәсіпкерлік жүргізу үшін бөлек шот, жеке аударымдар үшін бөлек шот ашқаны дұрыс. Ал жеке кәсіпкер бола тұрып, жеке тұлға ретінде банк картасын ашса және соған бизнестен тыс өмір жағдайларына байланысты аударым қабылдаса, оны жүйеден көріп, кәсіпкерлік қызмет ретінде қабылдамаймыз, – деді министрдің орынбасары.

Айта кету керек, егер клиент 3 ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғадан өзінің жеке шотына ақша аударымдарын алса және оның жиынтық сомасы 1 млн теңгеден асса, банк ол мәліметтерді салық органдарына жолдайды. Бірақ бұл аударымның сомасы 1 млн теңгеден асса болды, мобильді аударым тексеріледі екен деген сөз емес.

Өлшемшарттың екеуі де орындалған жағдайда мәлімет салық органына жолданады. Ержан Біржанов осы мобильді аударым деректері осы өлшемдерге сай екені дәлелденген адам жеке тұлға болса, оны жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттейтіндерін айтты.

Back to top button