«Менімен ойнады ғой»: Сал ауруына шалдыққан баланы ойнатқан бүлдіршін көпшілікті тебірентті (ВИДЕО)
Оқырмандар әлемді мейірімділік құтқаратынын жазуда.
Threads әлеуметтік желісінде астана тұрғыны жүрек тебірентерлік көріністі салып, әсерлі жазба қалдырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Менің 7 жастағы (дцп) балам дворга шыққан кезде қызыммен, өзімізбен ғана ойнайды. Басқа балаларға қосылмайды, кейде осындай машинкада өзімен өзі отырады. Кеше кешкісін осы бала келіп, ойнатып, қасында әңгіме айтып, құшақтап, сүйіп кетті. Ол кеткесін балам ұйқыға жатқанша қуанып, «Менімен ойнады ғой» деп айтып жатты. Осы баланы тәрбиелеген ата-анасына көп рақмет», – деп жазды ол.
Оқырмандар осы жазбаға қатысты түрлі пікір жазды. Тағдырлас адамдар осы көріністі көріп, қуанғанын жазды.
«Басқа балалар бөлектейтінін біліп, ойнамай жүр ғой. Бір бала ойнап еді, қуанып қалды. Алла ананы баламен сынамасын. Балаңыз жазылып, арқа сүйер азамат болсын!»,
«Мына батырдың ата-анасына мың алғыс! Әлемді құтқаратын жақсылық пен мейірімділік қана!», «Өзі кішкентай болса да, жүрегі әлеммен бірдей екен…»,
«Менің қызым да ДЦП. Балалық шағы жалғыз өзі ойнаумен өтіп жатыр. Оған қарап ішім қан жылайды. Амал қанша. Ілеуде біреу онымен ойнай қалса жүрегі жарылардай қуанады»,
«Мен де туғанымнан ДЦП бар, оң аяғымды ақсатып жүремін. Қазір жасым 33-те. Өмір жолымда қаншама адамды кездестірдім: достарды, сыныптастарды, қатарластарды, туыстарды… Әркім әртүрлі қабылдады. Бірі менсінбей қарады, бірі аяушылықпен қарады. Бірақ жүрегі таза, ниеті кең адамдар жанымда қалып, шынайы дос бола білді. Сол адамдардың қасында жүргенде ауруыңды да, бір жеріңнің кем екенін де ұмытып кетесің. Өзіңді өзгеден кем сезінбей, жай ғана адам ретінде қабылдайды. Осындай жандарды жолықтырғаны үшін Аллаға шүкір айтамын. Сондай мейірімді, адамгершілігі мол ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ата-аналарына да алғысым шексіз. Жақсы адамның жанында өмір де жеңіл, жүрек те тыныш болады. Сіздің балаңыздың жолында тек жақсы адамдар кездессін деп тілеймін» деген пікірлер жазылды.