Жаңалықтар

Мемлекеттен баспана кімдерге беріледі – жаңа талаптар белгілі болды

Баспана алудың жаңа шарттары қандай

Қазақстанда мемлекеттік қолдау аясында берілетін тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгереді. Жаңа ережеде баспана кезегіндегі азаматтардың санаты, есепке қойылған күні және отбасының табысы ескерілмек, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 14 тамызда қол қойған №407 бұйрығында коммуналдық және жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйді бөлуге қатысты бірқатар талап қарастырылған. Құжат әзірге қолданысқа енгізілген жоқ: негізгі нормалар алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң, ал табысқа қатысты жекелеген талаптар 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Жетім балаларға – 20 пайыз, өзге басым санаттарға – 50 пайыз

Жаңа тәртіп бойынша коммуналдық тұрғын үй қорындағы немесе әкімдік жеке тұрғын үй қорынан жалға алған пәтерлердің кемінде 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілуге тиіс.

Дәл осындай 20 пайыздық квота тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін жеңілдетілген ипотекалық қарыздарға да қолданылады.

Егер өңірде осы санаттағы үміткерлер бөлінген пәтер санынан аз болса немесе олар белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, игерілмеген баспана кезекте тұрған басқа басым санаттарға үлестіріледі.

Тұрғын үйлердің тағы кемінде 50 пайызы мына санаттарға беріледі:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға жеңілдіктер бойынша теңестірілген азаматтар;
  • басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жесірлер;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген және бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар;
  • көпбалалы отбасылар.

Бұл санаттарға бөлінген баспана толық игерілмесе, қалған пәтерлер тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған басқа қазақстандықтар мен қандастарға ұсынылады.

Квоталардан қалған тұрғын үй бірыңғай республикалық электрондық базаға немесе «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» жүйесіне тіркелген өзге азаматтарға бөлінеді. Бұл ретте олардың есепке қойылған күні мен отбасының табысы назарға алынады.

Табыс қалай есептеледі және қанша бөлме беріледі?

Жаңа ережеде отбасының соңғы алты айдағы жиынтық табысына қатысты бірнеше шек белгіленген.

Үш және одан көп адамнан тұратын отбасылардың әр мүшесіне шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Табысы мүлде жоқ отбасылар да тұрғын үйге үміткер бола алады.

Екі адамнан тұратын отбасы үшін әр адамға шаққандағы шек ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,5 еселенген мөлшеріне тең. Ал жалғыз тұратын азаматтың табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 5,5 еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Есептеу кезінде тұрғын үй кезегіндегі азаматтың немесе қандастың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында еңбек және кәсіпкерлік қызметтен тапқан табысы ғана ескеріледі.

Пәтердің көлемі отбасы мүшелерінің санына ғана емес, бөлме санына қарай да айқындалады. Ерлі-зайыптыларға бір бөлме қарастырылады. Бір жыныстағы отбасы мүшелері бір бөлмеге екі адамнан артық орналастырылмайды. Ал әртүрлі жыныстағы отбасы мүшелеріне, ерлі-зайыптыларды қоспағанда, бөлек бөлме берілуге тиіс.

Ауыр созылмалы аурулары бар азаматтарға және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қосымша жеке бөлме қарастырылады. Бұл бөлменің ауданы артық тұрғын үй алаңы ретінде есептелмейді.

Егер белгіленген талаптарға сай пәтер табылмаса, азаматқа көлемі немесе бөлме саны аз баспана ұсынылуы мүмкін. Бірақ мұндай шешім тек оның келісімімен қабылданады.

Ауылдық елді мекендердегі кезекте тұрған азаматтар мен қандастар коммуналдық немесе әкімдік жалдаған тұрғын үйді алу үшін Отбасы банктің интернет-ресурсы арқылы өтініш бере алады.

Осылайша, жаңа жүйеде адамның кезектегі орны ғана емес, есепке қойылған күні, әлеуметтік санаты, отбасының құрамы мен табыс деңгейі қатар ескерілмек. Жаңа тәртіптің егжей-тегжейі құжат толық күшіне енгеннен кейін тұрғын үйді бөлу үдерісінің негізгі өлшеміне айналады.

Back to top button