«Күйеуім жұмыс істейді, бірақ…»: Іздеу жарияланған курьер әйел табылды (ВИДЕО)

Thread әлеуметтік желісінде Алмат Несіпқалиев атты қолданушы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен, қолына сәбиін көтерген курьер әйелді Алматы қаласындағы «Кристалл» тұрғын кешенінің маңында көргенін жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«08.06 күні шамамен кешкі сағат 17:30–17:50 аралығында Алматы қаласындағы «Кристалл» тұрғын кешенінде бір жағдайға куә болдым. Мен сол жерде орналасқан белгілі бір мейрамханада жұмыс істеймін. Жұмыс барысында сыртта қолында сәбиі бар, арқасына сөмке асып алған бір әйелді байқап қалдым…
Алғаш көрген сәтте қолындағының шынымен нәресте екеніне сене алмадым. Жүрегім қатты ауырып, артынан қуып жеттім. Расында да, қолында шамамен 3–4 айлық сәби бар екен», – деп жазды Алмат Несіпқалиев.
Ол мән-жайды анықтауға тырысып, барынша көмектескісі келген.
«Күйеуіңіз бар ма?» деп сұрап едім, «Иә, бар» деп жауап берді. «Жұмыс істейді ме?» деп едім, «Иә, жұмыс істейді, бірақ оның табысы жетпейді. Ақша жетпеген моң жұмысқа шығып жүрмін» деп жауап берді. Қолымнан келгенше қолдау көрсетіп, бір күндік табысын беріп, үйіне барып демалуын өтініп, шығарып салдым. Өкінішке қарай, сол сәтте жасай алған көмегім тек осы ғана болды. Іштей қатты қынжылып қалдым», – деп жазды ол.
Әлеуметтік желі қолданушысы аталған әйелдің байланыс нөмірі бар екенін, көмектесемін деген жандар болса хабарласуын сұрады.
«Нөмірін ашық жазсам, тарап кетеді ме деп алаңдаймын. Егер ниетті адамдар жиналса, қор ашып, халық болып бірлесіп көмек көрсетсек деймін. Барлық істелген көмекті ашық түрде Instagram парақшама салып, есеп беріп отырамын. Бірігіп, қолдан келгенше қол ұшын созайық», – деп жазды Алмат Несіпқалиев.
Оқырмандардың пікірлері қақ жарылды. Бірі іздеу жариялаған курьер әйел табылғанына қуанса, енді бірі алаяқтың құрбаны болмауға шақырды.
Еске сала кетсек, Threads әлеуметтік желісіне Алматы қаласының тұрғыны қолында сәбиі бар курьер әйелдің суретін салған болатын. Ол «Енді өзінің тығырыққа тірелген жағдайын айтып, шағымданғысы келетін кім бар екен? Бұл қызға құрмет! Оның өмірінде бәрі жақсы болсын!» деп жазған еді.
Дариға есімді әлеуметтік желі қолданушысы бұл көрініс оның жүрегін шымырлатқанын жазды.
«Бұл сурет жүректі шымырлатады. Оның барлық жерде жарияланғанын қалаймын. Оны суретке салып, бейнелеп, көпшілікке көрсетсе екен деймін және бәрі осы әлеуметтік мәселелер туралы айтса екен. Жалғызбасты аналар туралы, елдегі экономикалық жағдай туралы, отбасы институтының қалай әлсіреп бара жатқаны туралы, ер азаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілікті мойнына алудан қалып бара жатқаны туралы барлық жерде айтылуы керек. Өз отбасымен айналысудың орнына, өзге әйелдерді және олардың күйеулерінің терісінің түсін талқылауға әуес болып кеткені туралы да айту керек. Бұл мәселелерді қаттырақ айту керек. Өтінемін», – деп жазды ол.