Көзі шүңірейіп, қатты жүдепті: анасы әскерде соққыға жығылған ұлының жағдайы туралы айтып берді
Ақтөбеде әскери борышын өтеп жүріп, соққыға жығылған ақтаулық 18 жастағы Еркебұлан Досымбеттің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Киімі қоқыстан тауып алғандай”
Kazinform мәліметінше, Досымбеттің ата-анасы қазір оның жанында, ауруханада.
Көзі шүңірейіп, сақал-мұрты өсіп, қатты жүдепті. Киімі қоқыстан тауып алғандай өте лас көрінеді. Ауыстыратын киім де әкелмеген. Физикалық та, эмоционалдық та жағдайы өте ауыр. Жалпы, қараусыз қалған адам сияқты көрінді, – дейді сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаева.
Сөзінше, кейін сарбазға әскери бөлімнен ауыстыратын киім әкелінген.
“Шап тұсына соққы жасалған”
Гүлдана Кетібаева ұлының денсаулығына алаңдаулы. Себебі, сарбазға өздігінен зәр шығару қиын болып, катетер қойылған.
Ұлымның шап тұсына соққы жасалған. Содан кейін жағдайы нашарлап, дәретханаға қалыпты бара алмай қалған. Екі тәулік бойы зәр шығара алмай, оны Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізген, – дейді анасы.
Осы оқиға бойынша әскери прокуратура Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігіне сәйкес (билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғаған.
Қандай жаза тағайындалған
Айта кетейік, аталған бап бойынша 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазір сарбаздың анасы ұлының жанында.