Канье Уэстің концертіне 40 мыңнан астам адам келеді: полиция бақылауды күшейтпек
14 тамызда Алматыда өтетін Канье Уэстің концертіне байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Іс-шараға 40 мыңнан астам көрермен келеді деп күтіліп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, көрермендердің стадионға ретімен кіруі үшін оның үш жағынан 40 кіреберіс ұйымдастырылады. Билеттерді тексеру сағат 16:00-де басталады.
Кіреберісте барлық келуші тексеруден өтеді. Концерт аумағына билеті немесе арнайы аккредитациясы бар адамдар ғана жіберіледі.
«Біздің басты міндетіміз – концертке келген әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Көрермендерден кіретін тобын алдын ала анықтап, полиция қызметкерлерінің, қауіпсіздік мамандары мен еріктілердің нұсқауларын орындауды сұраймыз», – деді Тимур Ноғайбаев.
Концерт өтетін күні стадион мен оған іргелес аумақта патрульдеу күшейтіледі. Іс-шара аяқталғаннан кейін көрермендерді тасымалдау үшін қоғамдық көлік пен қосымша шаттлдар ұйымдастырылады.
Жол қозғалысына шектеу енгізіледі
Бұған дейін Алматы әкімдігі концертке байланысты 14 тамызда қаладағы бірқатар көшенің жабылатынын хабарлаған. Сонымен қатар қоғамдық көліктің 32 бағытының қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді.
Полиция әлеуметтік желілерде Канье Уэстің концертіне жалған билет сатып жүрген алаяқтар барын да ескертті. Құқық қорғау органдары тұрғындарды билетті тек ресми сату орындарынан алуға шақырды.