«Жігіттерге өкпем жоқ»: «Алтай-Өскемен» бапкері матчты қорытындылады

Өскеменде Қазақстан Премьер-лигасы аясындағы 11-турда жергілікті «Алтай-Өскемен» көкшетаулық «Оқжетпес» клубы ойыншыларына қарсы тұрды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“ӨЗ ОТЫҢДЫ ӨШІРМЕ”
8500 адамға шақталған «Восток» стадионы лық толмаса да, 3000-ға тарта адам жиналды.
Өскемендік команданың фан-секторы «Өз отыңды өшірме» деген жазуы бар жалауды желбіретіп, тоқтаусыз ұрандатты. Айтуларынша, қатары әлі де толығуы тиіс. Ішінде қоғам белсенділері, ұстаз, журналист, студент те бар.
1-ші тайм басы алма-кезек шабуылмен жалғасып, ойынның 10-шы минутына қарай «Оқжетпес» алаң иелерін қыспаққа ала бастады. Сөйткенше болған жоқ, 13-ші минутта қонақтар есеп ашып үлгерді. Бірақ өскемендіктер ары қарай алақандарын ысқылап, алға ұмтылумен болды.
ЕКІ ЖАҚТАН ДА САРЫ ҚАҒАЗ АЛДЫ
Тіпті, Тимур Реджепов қақпашымен бетпе-бет шығып, есепті теңестіруге шақ қалды. Матч қарқыны да, соққан жел қарқыны да үдеп, екі тараптан да сары қағаз алғандар тіркелді.
Өкінішке қарай, ойын соңына дейін 0:1 есебі сақталып, көкшетаулық ұжым жеңіске жетті. Ойыннан кейінгі баспасөз конференциясында команда бас бапкері Ринат Әлеуетов әу баста шәкірттеріне шабуылда ойнауға пәрмен бергенін айтты. Шиеленісті ойын көрсеткен «Алтай-Өскемен» жігіттерінің қазіргі бабын бөле-жара айта кетті.
“НҮКТЕСІН ҚОЯ АЛМАЙ ЖАТАМЫЗ”
Ал өскемендік команданың жаттықтырушысы Вахид Масудов қарсылас стандарт ойындарын өрбіткенде гол салып кеткенін күрсініспен айтты.
Жалпы, өз командама бәлендей айып таға алмаймын. Гол салатын біршама мүмкіндік болды. Ендігіде қақпашымен бетпе-бет келгенде сенімді ойнап, мүмкіндікті голға айналдыру керек. Бірақ қорғаныстағы сауатты ойынды да айта кетуге болады. Кейде жақсы шабуылдап, бірақ нүктесін қоя алмай жатамыз, – деді Вахид Масудов.
Бүгінгі ойыннан «Алтай-Өскемен» турнир кестесінде 13-орнын сақтап қалды. Көкшетаулық команда үздік үшікте.