Спорт

Жеңімпазға сыйақы төлемейтін мемлекет қысқы Олимпиадада 1-ші орын алды

Әр сайыста үздік нәтиже көрсететін Норвегияда Олимпиада жүлдегерлеріне бір реттік ақшалай сыйақы беру қарастырылмаған, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

КІМ ҚАНША МЕДАЛЬ ИЕЛЕНДІ

2026 жылы Милан мен Кортинада өткен Қысқы Олимпиада ойындарының жалпыкомандалық медаль есебінде Норвегия құрамасы топ жарды. Скандинавия елінің спортшылары 18 алтын, 12 күміс және 11 қола медаль жеңіп алып, барлығы 41 жүлдені еншіледі.

Екінші орынға 12 алтын, 12 күміс, 9 қола (33 медаль) нәтижесімен АҚШ құрамасы жайғасты. Үздік үштікті 10 алтын, 6 күміс және 14 қола медальмен (30 жүлде) Италия түйіндеді. Толық медаль кестесі Олимпиада ойындарының ресми сайтында жарияланған.

Бір қызығы, Норвегияда Олимпиада жүлдегерлеріне бір реттік ақшалай сыйақы беру қарастырылмаған. Оның орнына елде өзге жүйе жұмыс істейді. Forbes басылымының дерегінше, жүлдегер спортшыларға жыл сайын шамамен 17 мың АҚШ доллары (8,4 млн теңге) көлемінде шәкіртақы төленеді. Бұл төлем бірнеше жыл бойы сақталуы мүмкін. Норвегия спорт саясаты нақты нәтижеге берілетін бонусқа емес, жүйелі дайындыққа, федерациялар жұмысына және спортшыларды ұзақ мерзімді қолдауға басымдық береді. Мұндай төлем үлгісі Ұлыбритания мен Ирландияда да қолданылады.

СЫЙАҚЫСЫ ЖОҒАРЫ ЕЛДЕР

Ал АҚШ-та олимпиада чемпиондарына 37 500 доллар (18,5 млн теңге), күміс жүлдегерлерге 22 500 доллар (11,1 млн теңге), қола медаль иелеріне 15 000 доллар (7,4 млн теңге) төленеді.

Бәсеке қожайындары саналатын Италия жоғары мөлшердегі сыйақы белгіледі: алтын медаль үшін шамамен 213 мың доллар (105,4 млн теңге) қарастырылған.

Салыстыра кетсек, Қазақстан Олимпиада жүлдегерлеріне ең мол сыйақы беретін елдердің бірі. Атап айтқанда, алтын медаль үшін 250 000 доллар (123,7 млн теңге), күміс үшін 150 000 доллар (74,2 млн теңге), қола үшін 75 000 доллар (37,1 млн теңге) төленеді.

2026 жылғы Қысқы Олимпиадада Қазақстан қоржынына бір алтын медаль түсті. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген болатын.

Back to top button