Жемқорлық үшін сотталған бұрынғы вице-министр Қожағапанов бостандыққа шықты

Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сотталған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Бұл ақпаратты ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Комитеттің мәліметінше, соттың шешімімен Қожағапановтың бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түрі – айыппұлға ауыстырылған.
ҚАЖК өкілдері жазаны жеңілдету, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және үкімді орындауға қатысты өзге де мәселелерді қарау мен шешім қабылдау тек соттың құзыретіне жататынын атап өтті.
Еске салайық, 2025 жылдың мамырында Астана соты Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің директоры Ләззат Көккөзованы Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша кінәлі деп таныған еді.