Желідегі жарнама: жиһазға тапсырыс бергендер 24,6 млн теңгесінен айырылды
Астанада тапсырыспен жиһаз жасаймыз деп азаматтардың ақшасын иемденген екі адам сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алаяқтардың айласы
Бас прокуратураның мәліметінше, істегі жәбірленушілердің бірі Instagram әлеуметтік желісінен тапсырыспен жиһаз дайындау туралы жарнама көрген. Ол жиһаз жасатуға келісіп, орындаушылармен шарт жасасқан.
Өлшемдер алынғаннан кейін тапсырыс беруші 4,5 млн теңге аударған. Алайда ақшаны алған екі адам кейін онымен байланысқа шықпай қойған.
Тергеу барысында мұндай жағдайдың жалғыз емес екені анықталған. Екі сотталушының әрекетінен барлығы 19 азамат зардап шеккен. Оларға келтірілген жалпы залал 24,6 млн теңгеден асқан.
Сот үкімі
Сотта мемлекеттік айыптаушы екі сотталушының кінәсін дәлелдейтін айғақтарды ұсынды.
Сот үкімімен олардың әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге сотталғандарға 10 жыл бойы коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды. Келтірілген залал сотталғандардан өндіріліп алынады.
Бас прокуратура осы жағдайға байланысты азаматтарды тапсырыс беру кезінде сақ болуға шақырды. Ақшаны жазбаша шартсыз қолма-қол бермеу немесе жеке банк картасына аудармау, төлемді растайтын чек пен басқа да құжаттарды талап ету маңызды.