Оқиға

Жангелді ауданында ер адам қасқырмен арпалысып, аман қалды

Қостанай облысының Жангелдин ауданында ер адамға шабуылдаған қасқырдың құтырған-құтырмағанын анықтау мүмкін болмады. Алайда мамандар жыртқыштың адамға тап беруіне құтыру ауруы себеп болуы мүмкін дейді, деп хабарлайды Tizgin.kz Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында болған. Ата-анасына қонаққа келген ер адамға қасқыр тап берген. Оның көмекке шақырғанын естіген көршілері жыртқышты өлтірген. Ал зардап шеккен ер адам есеңгіреген күйде ауруханаға жеткізілген.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Рустам Бидибаевтың айтуынша, жыртқыштың құтыру ауруына шалдыққанын зертханалық жолмен анықтау мүмкін болмаған. Себебі тұрғындар қасқырды өлтіру кезінде оның бас миын зақымдаған.

«Қолда бар ақпаратқа сәйкес, жергілікті тұрғындар өздерін қорғап, қасқырды өлтірген. Қасқыр құтырған деп айта алмаймыз. Өйткені жабайы аңның ауруын анықтауға қажетті материалды, яғни бас миын алу мүмкін болмады. Тұрғындар қорғану кезінде жануардың бас миын зақымдаған. Сондықтан материал зерттеуге жарамсыз болып шықты», – деді Рустам Бидибаев.

Оқиға орнына ветеринар маман шақырылып, қасқырдың өлексесі өртелген, ал аумақ залалсыздандырылған. Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен ер адамның жағдайы туралы мәлімет берді.

«1978 жылы туған науқас Арқалық өңірлік ауруханасына ауыстырылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Науқас медицина мамандарының бақылауында және клиникалық хаттамаларға сәйкес қажетті медициналық көмек алып жатыр», – делінген басқарманың хабарламасында.

Биолог қасқырдың адамға шабуылдау себебін түсіндірді

Бұл оқиға жабайы жыртқыштардың елді мекендерге жақындауы мәселесін қайта көтерді. Қазақстанда қасқырлардың саны реттеліп отырады. Биыл Қостанай облысында 108-ге жуық қасқырды атуға лимит белгіленген. Дегенмен мұндай шаралар жыртқыштардың елді мекендерге кіру қаупін толық жоймайды.

Биолог Андрей Андрющенконың пікірінше, сау қасқырдың адамға шабуылдауы қазіргі ауа райы жағдайында қалыпты құбылыс емес.

«Қар ұзақ уақыт жатып, аң аулау қиындаған жағдайда сау қасқыр да адамға шабуылдауы мүмкін. Бірақ қазіргі ауа райында сау қасқыр адамға тап бермейді. Сау қасқырлар елді мекенге кірген күннің өзінде үйірімен келіп, ауылдың шет жағында жүреді. Сондықтан бұл құтырған қасқыр болуы ықтимал», – деді биолог.

Мамандардың айтуынша, бұл болжамды жыртқыштың шабуылдау сипаты да қуаттайды. Қасқыр ер адамның қолдарынан тістеген. Ал сау қасқырдың аң аулау тәсілі әдетте өзгеше болады. Дегенмен зертханалық зерттеу жүргізілмегендіктен, жыртқыштың құтыру ауруына шалдыққаны әзірге тек болжам күйінде қалып отыр.

Back to top button