TOP-2

Жаңадан құрылатын партияға баруым мүмкін – Бапи

Мәжіліс депутаты 2029 жылы болатын президент сайлауында мүдделі топтар араласатынын да айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz

“ӘЛІ БІР ӘРЕКЕТКЕ КІРІСКЕН ЖОҚПЫЗ”

Кулуарда журналистердің сұрағына жауап берген депутат Ермұрат Бапи әзірге партиялық жұмыс қыза қоймағанын алға тартты. Айта кетейік, депутаттың өзі бірмандатты жүйемен Парламентке келген. Құрылтайға барғысы келсе, енді жаңа тәртіп бойынша партиялардың біріне кіруі тиіс.

«Ойда бар (Құрылтайға бару жайлы – авт.). Бірақ әлі бір әрекетке кіріскен жоқпыз. Елдегі партиялық жұмыстар әлі жүрген жоқ. Қандай өзгерістер болады, қандай партиялар болады, қандай партиялар сайлауға түседі деген сауалдардың басы ашық. Мүмкін жаңа партия құрамыз деген сияқты. Осы секілді ойымыз сан-саққа кетті. Біраз үзіліс алуға тура келеді», – деді Бапи.

Журналистер одан «сонда партия құруыңыз мүмкін бе?» деп сұрады. Ермұрат Бапи нақты олай емес, мұның жалпы ой екенін алға тартты.

«Егер менің ойыма, ұстанымына келетін жаңадан партиялар құрылатын болса, соған баруым мүмкін. Бірақ қалай болғанда да алдағы Құрылтайда болсам деген ой бар. Себебі, алдымызда үлкен тәуекелдердің жылы келе жатыр. 2029 жылы Президент сайлауы болады», – деді депутат.

“ҚҰРЫЛТАЙДА ЖАҢА ПАРТИЯЛАР ТӨБЕ КӨРСЕТЕДІ”

Бапидің сөзінше, ол сайлауға мүдделі топтар, сыртқы күштер араласады. Сөзінше, бастысы сайлау емес, соның нәтижесінде ел тәуелсіздігіне, елдігі мен мемлекеттігіне нұқсан келмейтіндей науқаннан өтуі керек. Депутат соның бір шетінде жүргісі келетінін жеткізді. Одан бөлек, ел болашағы мен жасампаздығына жұмыс істеу керек болса, түбі бір партияны таңдау керек болатынын да жасырмады.

«Бұл жерде партия менің көңіліме жақпай қалды деп сіресіп қалуға болмайды. Қазір жаңа Конституцияның өзі ел Тәуелсіздігін нығайту мақсатында жасалған ұлы құжат», – деді Бапи.

Сөз соңына қарай «мемлекетке жаңа партия қажет пе?» деген сұраққа жауап берді. Айтуынша, қазір Мәжілісте алты партия бар. Солай қалатын болса, халыққа түсініксіз болып қалатын көрінеді. Депутат құрылтайда бір-екі жаңа партия төбе көрсететіндігіне күмән келтірмеді.

Back to top button