Тергеу

Жанабыловтар соты: БАҚ-қа қате ақпарат айттым деген прокурорға ескерту жасалды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қаралып жатыр. Кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушының бұқаралық ақпарат құралдарына берген пікіріне байланысты дау туындады, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

АДВОКАТТЫҢ АЙТҚАНЫ

Мемлекеттік айыптаушы журналистердің сұрағына жауап бергенде қателік жібергенін мойындағанымен, сот оған ескерту жасауды жөн санады.

Кезекті сот отырысында қорғаушы тараптың адвокаты Гаухар Айтжанова төрағалық етуші судьяға өтініш білдіріп, прокурордың БАҚ өкілдерімен әңгімелесу кезінде айтқан пікірлеріне назар аударуды сұрады.

Прокурор «Қылмыстық кодекстің 218-бабы, 2-бөлігіне сәйкес жаза айыппұлды көздемейді, нақты бас бостандығынан айыру қарастырылған» деп мәлімдеген. Алайда бұл қолданыстағы заңнамаға қайшы. Себебі аталған баптың санкциясы баламалы сипатта болып, бас бостандығынан айырумен қатар айыппұл салу мүмкіндігін де қарастырады, – деді адвокат.

Гаухар Айтжанованың пікірінше, мұндай жария мәлімдемелер қылмыстық заң мазмұнын бұрмалап, ықтимал жаза туралы алдын ала теріс түсінік қалыптастырады.

Оның сөзінше, кейін прокурордың өзі де айыппұл тағайындау мүмкіндігін жанама түрде мойындаған. Ол «теориялық тұрғыда айыппұл салуға болады, бірақ оның көлемі өте үлкен болады» деп, есептеулер келтірген. Алайда адвокат айыппұл мөлшері заң бойынша айлық есептік көрсеткішпен (3 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейін) белгіленетінін, ал прокурор оны айып тағылып отырған 560 мың теңгемен байланыстырып, қате түсіндіргенін атап өтті.

БАҚ-ТА ЖАРИЯЛАНҒАН МАТЕРИАЛДАР

Сонымен қатар, қорғаушы прокурор БАҚ-қа Жанабыловтардың жылжымайтын мүлкі жоқ, сондықтан оған тыйым салынбаған деп мәлімдегенін айтты. Ал іс жүзінде олар өздері тұрып жатқан тұрғын үйдің иелері болып саналады және аталған үйге тыйым салынған.

Осындай ақпарат алған соң БАҚ-та «айыппұл мөлшері миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі бар» деген мазмұнда көптеген материалдар жарияланған. Бұл өз кезегінде қоғамда қызу талқылау туғызып, негізсіз айыптауларға жол ашқан, – деді Айтжанова.

Гаухар Айтжанова мұндай мәлімдемелер қоғамда теріс пікір қалыптастырып қана қоймай, сотқа да қысым көрсетуі мүмкін екенін айтты. Осыған байланысты ол соттан аталған жайттарға құқықтық баға беріп, прокурорға заң нормаларын бұрмалап түсіндіруге жол бермеу жөнінде ескерту жасауды сұрады.

МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ ҚАТЕСІН МОЙЫНДАДЫ

Прокурор сотта журналистермен сөйлесу кезінде қателескенін мойындады. Оның айтуынша, алғашында бап санкциясын шатастырып алған, кейін өз жауабын нақтылап, түзеткен.

Алайда қорғаушы прокурор қателігін журналистердің ескертуінен кейін ғана түзеткенін атап өтті. Нәтижесінде сот бұл мәселеде қорғаушы тараптың уәжін құптап, мемлекеттік айыптаушыға ескерту жасады.

«Журналистерге жауап бермес бұрын ойланып алған жөн. Егер нақты білмесеңіз, асығыс пікір білдірудің керегі жоқ», – деп судья.

Back to top button