Без рубрики

Алатау қандай қала болады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру туралы Конституциялық заң жобасы қаралып жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Қазақстанның жаңа даму нүктесін қалыптастыруды көздейді. Үкімет Алатауды тек әкімшілік бірлік емес, заманға сай, бәсекеге қабілетті қаласы ретінде құруды көздеп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алатау – жай қала емес, дербес экожүйе

Алатау қарапайым қала форматынан әлдеқайда бөлек болады. Ол жөнінде баяндама жасаған вице-премьер Қанат Бозымбаев осылай дейді. Сөзінше, мнда жеке қаржылық модель, арнайы басқару жүйесі және өзіндік даму логикасы қалыптасады. Яғни қала өз бетінше шешім қабылдай алатын, икемді әрі жылдам әрекет ететін орталыққа айналады. Бұл оны еліміздегі басқа қалалардан бірден ерекшелендіреді.

«Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді. Бұл қалада шешім қабылдау процестері жедел болады. Нәтижесінде даму қарқыны да жоғары болады», – дейді Бозымбаев.

Алатау жобасы «велосипед ойлап табу» емес – әлемдегі табысты қалалардың тәжірибесі негізге алынған деп есептейді ол. Қытайдағы Шэньчжэнь, Кореядағы Сонгдо, Сингапур мен Дубай секілді мегаполистердің даму жолы жан-жақты зерттелген. Бірақ басты назар – солардың жақсы тұстарын алып, қателіктерін қайталамау. Себебі әлемде мұндай жобалардың 60%-ы сәтсіз аяқталғаны да ескерілген.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек мәртебе беру жеткіліксіз. Ең маңыздысы – тиімді басқару жүйесі. Біз әлемдегі үздік тәжірибелерді саралап, нақты қорытынды жасадық. Алатау сол қателіктерді қайталамауы тиіс», – деп атап өтті вице-премьер.

Инвесторлар үшін тартымды жаңа орталық

Алатау – инвестиция тартудың жаңа алаңы болады. Қазірдің өзінде құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 44 жоба дайын, олар 30 мыңға жуық жұмыс орнын ашады. Мұнда Mars, PepsiCo, Hyundai сияқты ірі компаниялар келуге қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар ғылым, медицина, туризм және технология бағыттары қатар дамиды.

«Қалада тек салықтық жеңілдіктер ғана емес, толық экожүйе қалыптасады. Инвесторларға түсінікті әрі тұрақты ережелер ұсынылады. Дауларды халықаралық деңгейде шешу мүмкіндігі болады. Бұл Алатауды инвестиция үшін сенімді алаңға айналдырады», – дейді Бозымбаев.

Бозымбаевтың сөзінше, қазірдің өзінде де жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын алғашқы 44 инвестициялық жоба басталғаны әрі олар 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл қаланың ғылым, туризм, медицина және инновациялар орталығы ретінде дамытудың негізін қалайды. Олардың қатарына ірі әлемдік танымал компаниялар Mars, PepsiCo, Hyundai Green Food, Envision Energy, Khan Tengri Biopharma және екі индустриялық-логистикалық хабтары, сондай-ақ ASP Аrena, К-Park сияқты туристік жобалар кіреді.

“Алға қойған мақсаттар іске асқан жағдайда, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша
2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетеді деп күтілуде”, – дейді ол.

Сонымен бірге заманауи Iconic Complex көпфункционалды кластері, көшбасшы KAIST Кореялық жоғары технологиялық университеті және пилотсыз ұшу аппараттар енгізу бойынша стратегиялық жобалары іске асырылатын болады.

Smart City: цифрлық болашақтың қаласы

Алатау басынан бастап «Digital by default» қағидатымен салынады. Яғни барлық қызмет цифрлық форматта жұмыс істейді – рұқсат алу, бизнес жүргізу, мемлекеттік қызметтердің бәрі онлайн болады. Қалада жасанды интеллект, роботтар, автономды көліктер сияқты жаңа технологиялар сынақтан өтеді. Тіпті криптобиржа мен цифрлық активтерді реттеу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

«Алатау – жай ғана қала емес, бұл технологиялық алаң. Мұнда инновациялар еркін енгізіледі. Барлық қызметтер цифрлық платформа арқылы көрсетіледі. Бұл болашақ қалалардың үлгісі болады», – деп түсіндірді вице-премьер.

Алатау – Қазақстан үшін жаңа эксперимент емес, стратегиялық қадам. Бұл жоба іске асса, елде жаңа экономикалық орталық пайда болып, өңірлік бәсекелестік күшейеді. Ең бастысы – бұл қалада жаңа басқару мәдениеті мен жаңа мүмкіндіктер қалыптасады. Егер жоспар толық жүзеге асса, Алатау тек Қазақстанның емес, бүкіл Орталық Азияның технологиялық және инвестициялық хабына айналуы әбден мүмкін.

Back to top button