Жаңа буынға тың серпін берері сөзсіз – Балаева жаңа мемлекеттік наградалар жайлы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Министр жаңа марапаттардың енгізілуін мәдениет пен өнер саласы үшін маңызды әрі көптен күткен шешім деп бағалады. Оның сөзінше, бұл – мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек еткен азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде бағалау жүйесін жетілдірудің жалғасы, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль кімдерге беріледі
Жаңа медаль ұлттық музыканы, композиторлық және орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталмақ.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосқан суретшілерге, графиктерге, мүсіншілерге және осы саланың басқа да өкілдеріне беріледі.
«Бұл әріптестеріміздің көп жылғы шығармашылық еңбегінің лайықты бағасы болып, мәдениет саласының жаңа буынына тың серпін берері сөзсіз», – деп жазды Аида Балаева.
Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Елде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3054 мәдени-демалыс ұйымы жұмыс істейді.
Балаева тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдаудың жаңа Конституцияда мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына енгізілгеніне де назар аударды. Оның айтуынша, мәдениет саласын қолдау енді мемлекеттің конституциялық міндетіне айналды.
Мәдениет қызметкерлеріне 260 пәтер берілген
Аида Балаева кейінгі жылдары мәдениет саласын қолдауға бағытталған бірқатар шара жүзеге асқанын атап өтті.
Министрдің дерегінше, кейінгі бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есе өскен. Биылдан бастап өнер қайраткерлеріне тағайындалатын мемлекеттік стипендия көлемі де екі есеге артты. Мұндай стипендияны жыл сайын 75 азамат алады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астанада, тағы 60-ы Алматыда табысталған. Биыл Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында жүзден астам сала маманы мемлекеттік наградамен марапатталған.
Балаева мемлекеттік деңгейдегі марапаттау жүйесінің де кезең-кезеңімен жаңарып келе жатқанын айтты. Бұған дейін «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы 30 жылдан кейін қайта жаңғыртылған еді. Енді мемлекеттік наградалар қатары «Шәмші Қалдаяқов» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағымен толығады.
Вице-премьер бұл шешім мәдениет пен өнер өкілдерінің еңбегін бағалап қана қоймай, салаға келетін жаңа буынға қосымша серпін береді деп есептейді.