Жамбыл облысында қар барысы алғаш рет бейнетұзаққа түсіп қалды
Бұл – Жамбыл облысы аумағында қар барысының бар екендігін ресми түрде растаған алғашқы дерек.
Жамбыл облысының тауларында қар барысы алғаш рет фототұзаққа түсірілді. Енді бұл аумақ ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап.
Қар барысы 4 қаңтар күні Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағында тіркелген.
БҰҰ Даму бағдарламасының жануарлар дүниесін басқару жүйесі жөніндегі сарапшысы Айман Омарбекованың айтуынша, бұл – Жамбыл облысы аумағында қар барысының бар екендігін ресми түрде растаған алғашқы дерек.
«Бұл – Батыс Тянь-Шань өңірі. Бұған дейін мұнда қар барысы мекендейді деген болжам болғанымен, еш жерде нақты тіркелмеген еді. Бірде қорықшылардың бірі қар барысын ұялы телефонға кездейсоқ түсірген, алайда бейне анық болмаған. Ал бұл жолы оның бар екені ресми түрде расталып отыр. Болашақта бұл аумақ ерекше қорғалатын аймаққа айналуы тиіс. Қазіргі таңда ол орман шаруашылығының қарамағында», – деді Айман Омарбекова.
Оның айтуынша, өңірде қар барысының болуы тау экожүйесінің, қоректік базаның жақсы жағдайда екенін, сондай-ақ Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің табиғатты қорғау бағытындағы жұмысының тиімділігін көрсетеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, қар барысы шамамен бір жаста. Жақын уақытта оның іздерін зерттеу арқылы нақты жасы анықталмақ.