«Жағдайын нашарлатуға болмайды»: Лепеха полицейлердің зейнетақысы туралы айтты
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха полиция қызметкерлерінің зейнетақысын индекстеу тоқтатылуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды. Сөзінше, зейнетақымен қамту жүйесіне өзгеріс енгізу мәселесі бұған дейін қаралғанымен, кейін күн тәртібінен алынған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ІІМ өзгерістерге қатысты қандай ұстаным білдірді
Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерін зейнетақымен қамту тәртібі елеулі өзгеруі мүмкін деген ақпарат тараған. Соның ішінде зейнетақыны индекстеу тоқтатылуы ықтимал екені айтылған.
Лепеханың айтуынша, Еңбек министрлігі зейнетақы реформасы аясында ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін де зерделеген. Алайда ІІМ қызметкерлердің жағдайын нашарлатуға болмайтынын мәлімдеген.
«Расында, Еңбек министрлігі жалпы зейнетақы реформасы аясындағы өзгерістерді пысықтады. Соның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізу мәселелері де зерделенді. Біз өз ұстанымымызды білдіріп, қазіргі зейнетақымен қамту жүйесі барлық қызметкердің көңілінен шығатынын және олардың жағдайын нашарлатуға болмайтынын айттық. Кейін бұл мәселе күн тәртібінен алынды», – деді Игорь Лепеха.
Лепеха тараған ақпаратты жалған деп атады
Министрдің орынбасары әлеуметтік желілердегі зейнетақыны индекстеу тоқтатылуы мүмкін деген хабарламаларды жалған ақпарат деп бағалады.
Ол мұндай ақпараттың не себепті тарағанын білмейтінін айтты. Дегенмен бұл полиция қызметкерлерінің моральдық рухын түсіру мақсатында жасалуы мүмкін деген болжамын жеткізді.