$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

IT-қызметтердің $1 млрд экспорты халықаралық ауқымға шыға алатынынымызды көрсетеді – экономист

Күні кеше AI & Digital Bridge форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген маңызды мәселелер еліміздің технологиялық даму бағытын айқындап берді. Әсіресе, Дональд Трамптың бастамасымен жасалған суперинтеллект туралы келісім мен Қазақстанның IT-қызметтер экспортындағы тарихи триумфы – қоғам назарын аударатын басты тақырыптар. Экономист Айбар Олжаев бұл жетістіктердің астарында үлкен экономикалық құн мен жаһандық жауапкершілік жатқанын атап өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Интеллект экспорты және 1 миллиард доллардың сыры

Американың жетекші технологиялық компаниялары қол қойған Суперинтеллект туралы келісім жасанды интеллектіні дамытудағы жаһандық жауапкершілікті меңзейді. Технология қарыштап дамыған сайын, оның жұмыс істеу қағидаларын ортақ жүйеге келтіру қажеттілігі туындайды. Қазақстан үшін бұл процестің практикалық маңызы зор, себебі еліміз халықаралық технология нарығының толыққанды ойыншысына айналып үлгерді.

Мемлекет басшысының сөзінше, өткен жылы отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асып түскен. Экономист Айбар Олжаев бұл көрсеткіштің кездейсоқ еместігін айтып, оның экономикалық салмағына тоқталады:

«Бір миллиард доллар. Осы санның артында мамандардың білімі, инженерлердің еңбегі, кәсіпкерлердің тәуекелі тұр. Шетелдік тапсырыс беруші қазақстандық команданың қызметіне ақша төлесе, демек, біздің маман оның мәселесін шеше алған», – дейді Айбар Олжаев.

Расында, білімнің экономикалық құны дәл осылай қалыптасып, ол тікелей экспорттық түсімге, жоғары жалақыға және бизнестің көкжиегін кеңейтуге жол ашады. Шикізатқа тәуелділіктен арылып, ақыл-ойды капиталға айналдырудың нақты көрінісі осы болса керек.

Шекарасыз білім: Халықаралық нарықтағы жаңа міндеттер

Бүгінде қазақстандық цифрлық шешімдер әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл – біздің мамандардың білімі мен білігі географиялық шекаралардан еркін өте алатынының айқын белгісі. Әрине, барлық нарықты бірдей бағындырдық деу ерте, алайда отандық өнімдердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігі даусыз фактіге айналды. Ендігі басты міндет – осынау әлеуетті тұрақты сұраныс пен ұзақмерзімді келісімшарттарға ұластыру.

Осы орайда Президенттің стартаптарға нақты қолдау көрсету, өнеркәсіп қажеттіліктеріне негізделген міндеттер тізімін жасап, AI Challenge өткізу туралы бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр. Экономист сарапшы бұл қадамның стратегиялық маңызын былай деп түсіндіреді:

«Өнеркәсіптің қажеттіліктеріне негізделген міндеттер тізімін жасап, соған сай AI Challenge өткізу ұсынысы да осыған қызмет етеді. Команда нақты өндірістік мәселені шешіп, жобасы кәсіпорынға енгізілсе, оның келесі тапсырыс берушіге ұсынатын дәлелденген тәжірибесі болады», – дейді сарапшы.

Қорыта айтқанда, Қазақстан шикізаттық экспорттан – ақыл-ой экспортына көшудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Заттан ми қымбат екенін дәлелдеген отандық IT-сектор ендігі кезекте жаһандық технологиялық экожүйенің ажырамас әрі беделді бөлшегіне айналуды көздеп отыр.

Back to top button