Жаңалықтар

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы тексеріске ілінді

Қазақстан ішкі істер министрлігі Астанада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасы Данияр Мейірханның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде желіде тараған ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әуелі әлеуметтік желілерде Данияр Мейірханның қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қызметкер әйелге тиіскені үшін күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ оның үстінен бағынышты 20 қызметкерден ұжымдық арыз түскені хабарланған.

Ішкі істер министрлігі «бірқатар қызметкердің өтініші бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелді» деп мәлімдеді.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір өтініш міндетті түрде тіркеліп, тексерілуі керек. Қазір барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтау мақсатында тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тексеру мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – делінген күштік ведомствоның түсініктемесінде.

Данияр Мейірхан – полиция полковнигі. 2012-2022 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде бөлім басшысынан басқарма басшысына дейінгі басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. 2023-2024 жылдары ҚР ІІМ Қостанай академиясында бөлім басшысынан академия бастығының орынбасарына дейінгі қызметтерді атқарған.

2024 жылғы қыркүйектен бастап ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары. 2024 жылғы желтоқсаннан бері аталған комитет төрағасының міндетін атқарушы. 2025 жылы қыркүйектен бері сол комитетті басқарады.

Back to top button