Халықтың орташа атаулы ақшалай табысы 11,8% ұлғайды

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы орташа айлық атаулы ақшалай табысы 252 619 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға жоғары, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ұлттық статбюро сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың І тоқсанына арналған алдын ала бағалауында айтылған.
Атаулы табыс – азаматтардың қолға алатын ақшасының көлемі. Ал нақты табыс – сол ақшаның сатып алу қабілетін көрсететін көрсеткіш. Биылғы деректер дәл осы екі көрсеткіштің арасындағы айырмашылықты айқын көрсетті. Егер бір жыл ішінде халықтың ақшалай табысы 11,8%-ға көбейсе, тұтыну бағаларының индексі 11,7%-ды құрады. Десе де, тұрғындардың жалақысы немесе кірісі көбейгенімен, күнделікті тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы да қатар сезілгенін атап өту керек.
Ең жоғары табыс – Алматыда
Өңірлер арасында табыс деңгейінің айырмашылығы әлі де айтарлықтай сақталып отыр. Ең жоғары жан басына шаққандағы орташа айлық табыс:
- Алматы қаласы – 408 182 теңге;
- Ұлытау облысы – 353 036 теңге;
- Астана – 352 811 теңге;
- Атырау облысы – 323 716 теңге.
Ал ең төменгі көрсеткіштер:
- Түркістан облысы – 143 409 теңге;
- Шымкент – 160 951 теңге;
- Жамбыл облысы – 166 768 теңге;
- Жетісу облысы – 173 876 теңге.
Осылайша еліміздегі ең жоғары және ең төменгі табыс арасындағы айырмашылық 2,8 есеге жетті.
Қай өңірлерде табыс ең жылдам өсті
Атаулы табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында тіркелді. Мұнда халықтың табысы бір жылда 19,1%-ға артқан. Екінші орында Қарағанды облысы – 16,4%. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан (14,7%), Ақтөбе (14%) және Павлодар (13,6%) облыстары да жоғары өсім көрсеткен.
Алайда атаулы өсім барлық жағдайда нақты өсімге айналмаған. Мысалы, Атырау облысында табыс небәрі 2,9%-ға өсіп, нақты кіріс 8,3%-ға төмендеген. Сол сияқты Солтүстік Қазақстанда нақты табыс 7,1%-ға, Жамбыл облысында 3,4%-ға, Шымкентте 3,9%-ға азайған.
Керісінше, нақты табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында (+6,3%), Қарағанды облысында (+4,5%) және Алматы қаласында (+3,4%) байқалды.