Филиппиндіктер Қазақстанда елшілік ашуға ниетті
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан мен Филиппиннің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың екінші раундына қатысуға Астанаға келген Филиппиннің Сыртқы істер министрінің орынбасары Лео М. Эррера-Лимді қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тараптар нені талқылады
Кездесуде тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту жағын талқылады. Олар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтіп, БҰҰ мен АСЕАН шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайтуға ден қойды.
Мұхтар Тілеуберді саяси диалог оң серпін бергенін, оның ішінде өткен қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы шеңберінде Филиппиннің Сыртқы істер министрі М.Т.Лазаромен болған жүздесуді мысал етті.
Елшілік ашу ұсынысы қолдау тапты ма
Қазақстан тарапы Филиппиннің Астанада Елшілік ашу ниетін қолдап, тұрақты дипломатиялық өкілдіктің ашылуы екіжақты байланыстарды тереңдетуге ықпал ететіндігін алға тартты.
Кездесу қорытындысында тараптар тұрақты саяси диалогты қолдап, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға өзара мүдделілігін растады.