$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☀ 0° Сезіледі -3° Жел 2 м/с Ылғалдылық 97%
TOP-2Тергеу

«Бізге керегі кек емес – әділдік»: Қызылордада 14 жастағы жасөспірімнің өлімі бойынша іс қозғалды

Қызылордада кәмелетке толмаған Нұрисламбек атты баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның әпкесінің айтуынша, орталық алаңда болған жанжалға 1000 теңге себеп болған. Ол бауырына бұрауышпен (отвертка) шабуыл жасалғанын айтып, оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі әділ тергеуді сұрады. Полиция күдікті жасөспірімнің облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Ерегес неден басталды

Нұрисламбектің әпкесі Threads желісіндегі жазбасында бауырының Қызылорда қаласының орталық алаңында қаза тапқанын мәлімдеген. Жазба жарияланған сәтте қайғылы оқиғадан бері үш күннен астам уақыт өткенін, алайда отбасы әлі де нақты жауап күтіп отырғанын айтқан.

«Менің бауырым Нұрисламбек Қызылорда қаласының орталық алаңында көз жұмды. Оның өмірден өткеніне 3 күннен асты. Бірақ біз әлі күнге дейін оның өліміне қатысты нақты жауап күтіп отырмыз» – дейді әпкесі.

Әпкесінің сөзінше, Нұрисламбек пен тағы бір жасөспірімнің арасында 1000 теңгеге байланысты жанжал туындаған. Ол екінші жасөспірімнің бауырына бұрауышпен шабуыл жасап, жүрек тұсына жарақат салғанын жазған. Жанжалдың себебі мен бұрауыш қолданылғаны туралы бұл мәліметтерді марқұмның әпкесі келтіріп отыр. Полицияның берілген хабарламасында оқиғаның осы тұстары нақтыланбаған.

«Бізге керегі – әділдік»

Марқұмның әпкесі жанжалға тағы екі адамның ықпалы болуы мүмкін деп күдіктенетінін де жазған. Отбасы тергеу барысында барлық мән-жайдың анықталып, оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілуін сұрап отыр.

«Осы жағдайдың барлығы толық әрі әділ тергелуін талап етеміз», – дейді ол.

Әпкесі анасының ұлына қарай жүгірген сәтін де баяндаған. Оның жазуынша, анасы баласының атын бірнеше рет атап айқайлағанымен, оған жетіп үлгермеген. Туыстары жұртшылықтан үндеуді таратуға және олардың талабын тиісті органдарға жеткізуге көмектесуді сұраған. Әпкесінің айтуынша, іс бойынша 13 жастағы жасөспірім ұсталған.

«Бізге керегі — кек емес, ӘДІЛДІК! Бауырымыздың өліміне қатысты барлық мән-жай толық анықталып, оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекетіне заң жүзінде баға берілсе екен дейміз».

Полиция екі қылмыстық істі тіркеген

Қызылорда облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша жүргізіліп жатыр. Күдікті жасөспірім облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

Бұдан бөлек, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелген. Полицияның хабарлауынша, тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Back to top button