Мәслихат депутаттығына үміткерлерге сайлау науқанына 700 мың теңгеге дейін бөлінеді

Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысатын кандидаттардың үгіт шығынына арналған лимит бекітілді. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, қаражат көлемі мәслихат деңгейіне қарай 500 мыңнан 700 мың теңгеге дейін болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аудандық мәслихатқа кандидаттың шығынына 500 мың теңге қарастырылған. Қалалық мәслихат кандидаттарына 650 мың теңгеге дейін, ал облыстық мәслихаттар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарына кандидаттарға 700 мың теңгеге дейін бөлінеді. Бұл сомалар кандидаттардың қолына берілетін еркін ақша емес, сайлау науқанына қатысты белгіленген шығындарды өтеуге арналған.
Қаражат қандай шығындарға жұмсалады
Аудандық мәслихат кандидаттарына теледидар мен радиоға бағдарламасымен шығуға және баспасөзде не интернет-басылымдарда екі мақала жариялауға 290 мың теңге қарастырылған. Көпшілік алдындағы үгіт шаралары мен үгіт материалдарын шығаруға 130 мың, көлік шығынына 80 мың теңге бөлінеді.
Қалалық мәслихат кандидаттарына осы бағыттар бойынша тиісінше 400 мың, 170 мың және 80 мың теңге қарастырылған. Ал облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалар және астана кандидаттарының лимиті 410 мың, 180 мың және 110 мың теңге болып белгіленді.