$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☁ +4° Сезіледі +2° Жел 1 м/с Ылғалдылық 91%
TOP-2Жаңалықтар

«Спортпен шұғылданып, балаларға шахмат үйретеді»: 87 жастағы қария ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын 87 жастағы Мұратхан ата  Купиев әлі күнге дейін спортпен шұғылданып, бау-бақша өсіріп, оқушыларға шахмат үйретіп жүр. Саналы ғұмырын ұстаздыққа, спортқа және шәкірт тәрбиесіне арнаған ақсақал сергек жүрудің басты сыры үздіксіз қозғалыс пен еңбек екенін айтады. Бұл туралы Tizgin.kz редакциясына Зайсан ауданының тұрғыны Ерік Зағыпаров хабарлады.

Жасы сексеннің сеңгірінен асса да, Мұратхан Купиев бір орында отыруды ұнатпайды. Күнделікті дене жаттығуларын жасап, стадионда жаяу жүреді. Жаз бойы бау-бақшасында еңбек етіп, бос уақытында кітап оқиды және жас ұрпаққа шахматтың қыр-сырын үйретеді. Оның айтуынша, адамның жасы ұлғайған сайын қозғалысты азайтпай, керісінше, денсаулығына сай белсенді өмір сүруге ұмтылғаны жөн.

«Адам үнемі қозғалыста болуы керек. Көп қимылдау денсаулыққа пайдалы, ұзақ өмір сүруге көмектеседі. Дұрыс тамақтансаң, ағзаң да қалпына келеді. Мен қазір де қарап жатпаймын. Құр жатқан денсаулыққа зиян. Сондықтан үнемі қозғалыста болуға тырысамын», – дейді қария.

«Мектепке күн сайын 30 шақырым жаяу қатынадым»

Мұратхан ақсақалдың спортқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Оның айтуынша, туған ауылында небәрі төрт сыныптық мектеп болған, сондықтан білімін жалғастыру үшін көрші ауылға жаяу қатынауға тура келген.

«Біздің ауылда төрт сыныптық қана мектеп болды. Одан кейін көрші ауылға барып оқыдық. Күн сайын барып-қайтатын жолымыз 30 шақырымға жететін. Қасымда өзім сияқты үш оқушы болды. Бәріміз бірге барып, бірге қайтатынбыз. Кейін екі бала күнде сонша жер жүруге шыдамай, оқуын тастап кетті», – деп еске алады ол.

Сегізінші сыныптан бастап Қаратал ауылындағы мектепте білім алған. Бұл елді мекен туған ауылынан шамамен 30–35 шақырым қашықтықта орналасқан. Апта бойы сабақ оқып, сенбі күні үйіне жаяу қайтатын. Жексенбіде қайтадан мектепке жол тартатын.

«Қыста екі ауылдың арасын шаңғымен жүріп өтетінмін. Кейін есейгенде анам велосипед сатып әперді. Солай бала күнімнен жаяу жүріп, әбден шынықтым», – дейді ақсақал.

Жастайынан қалыптасқан төзімділік пен еңбекқорлық оның кейінгі өміріне де әсер еткен. 1959 жылы мектепті тәмамдаған Мұратхан Купиев Өскемендегі педагогикалық институтқа түсіп, химия және биология мамандығы бойынша білім алған. Оның қызығушылығы тек ұстаздықпен шектелмеген. Студент кезінде бокс, күрес, шахмат және гимнастикамен айналысып, түрлі спорттық жарыстарға қатысқан.

«Менің спортқа деген қызығушылығым ерекше болды. Өскеменде оқып жүргенде боксқа да, күреске де, шахматқа да қатыстым. Уақытымды бос өткізбейтінмін. Күрестен республикалық жарысқа бес рет бардым. Жүлделі орын ала алмадым, бірақ спортты тастаған жоқпын», – дейді ол.

Ақсақалдың пікірінше, спорттағы жоғары нәтижеге жету үшін үздіксіз жаттығу мен білікті бапкердің еңбегі маңызды.

Мыңдаған ағаш отырғызып, спорт шеберлерін тәрбиелеген ұстаз

Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Мұратхан Купиев еңбек жолын білім беру саласында бастаған. Бесінші курста оқып жүргенінде Қостанай өңірінде алты айлық педагогикалық тәжірибеден өтіп, мұғалім ретінде жұмыс істеген. Оның айтуынша, сол кезеңде өңірде ұстаздар тапшы болғандықтан, күндізгі және кешкі мектептерде аптасына 49 сағатқа дейін сабақ беруге тура келген. Қария ұстаздық қызметпен қатар оқушыларды еңбекке баулуға да ерекше көңіл бөлген.

«Қостанайдағы Алтынсарин совхозында жұмыс істеген кезде оқушылармен бірге мектептің тәжірибе учаскесіне және ауыл ішіне 3000 ағаш ектік. Балаларды тек кітаппен емес, еңбекпен де тәрбиелеуге тырыстық», – дейді ол.

Кейін туған өлкесіне оралып, Зайсан ауданындағы Дайыр ауылында еңбек еткен. Мұнда ол мектеп оқушыларының спортқа деген қызығушылығын арттыруға күш салған. Ақсақалдың айтуынша, үш жыл ішінде өзі жаттықтырған төрт оқушы еркін күрестен спорт шебері атанған. Сондай-ақ шәкірттері жеңіл атлетикадан облыстық жарыстарда жеңіске жетіп, сол кезеңдегі рекордты жаңартқан. Ал волейболдан дайындаған оқушылары республикалық деңгейде екінші орын иеленген.

Бұдан кейін Мұратхан ата Купиев Талдықорған қаласында химия және биология пәндерінен сабақ берген. Ол жерде де ұстаздықпен шектелмей, жылыжай шаруашылығын қолға алған. Топырақтың ерекшеліктерін зерттеп, көкөніс өсірудің тиімді жолдарын іздестірген.

«Талдықорғанда тұрған жеріміз тауға жақын болатын. Басқа дақылдар жақсы шыққанымен, қызанақтың өсуі қиын болды. Содан топырақтың жағдайын реттеп, қызанақтың ерте әрі сапалы пісуіне қол жеткіздік», – деп еске алады ол.

Кейін әкесі өмірден өткен соң туған ауылына қайта оралуға мәжбүр болған. Бұл кезең оның өміріндегі ең жауапты уақыттардың бірі еді. Әкесінен айырылған отбасының бар ауыртпалығы анасы мен балаларына түскен. Оның үстіне анасы сал ауруына шалдыққан.

«Анам он баламен қалды. Өзі де ауыр науқасқа шалдықты. Кейін анам өмірден өткен соң бауырларымның аяқтан тұруына көмектестім. Барлығы жоғары оқу орындарын бітірді», – дейді қария.

Отбасылық жауапкершілікпен қатар кәсіби қызметін де жалғастырған. Зайсан ауданында шамамен екі жыл әдіскер болып жұмыс істеп, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға үлес қосқан. Кейін мектептерде сабақ беріп, 1993 жылы зейнеткерлікке шыққан.

Зейнетке шығу ол үшін еңбек жолының аяқталуы болған жоқ. Керісінше, мектеп жылыжайларында жұмыс істеп, балаларға шахмат үйретуді жалғастырған. Қазір де оның шәкірттері шахматтан түрлі жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

«Телефонға телмірмеймін, кітап оқимын»

Бүгінде Мұратхан ата Купиев белсенді өмір салтын ұстануды жалғастырып келеді. Ол күн сайын стадионға барып, бес-алты айналым жаяу жүретінін айтады. Түрлі дене жаттығуларын жасап, денсаулығын күтуге көңіл бөледі. Жаз мезгілінде 30 сотық жері бар бау-бақшасында еңбек етеді. Мұнда жеміс ағаштарының бірнеше түрін, түрлі көкөніс пен жидек өсіреді. Әсіресе қызанақ өсіруді жақсы меңгерген.

«Саяжай алып, жеміс ағаштарын, көкөніс пен жидектің түр-түрін отырғыздым. Өзім өсірген қызанақ базарға жетпей жатып өтіп кетеді. Жаз бойы бақшадамын. Қолым бос болмайды», – дейді ол.

Қарияның тағы бір ерекшелігі – кітап оқуға деген құштарлығы. Ол орыс тілінде білім алғандықтан, орыс классиктерінің шығармаларын көп оқыған. Қазақ жазушыларының туындыларымен де жақсы таныс. Бүгінде қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Заманауи технологияны да пайдаланады, дегенмен ұялы телефонға көп уақыт бөлмейтінін айтады.

«Менде телефон бар, бірақ оны көбіне уақыт қарау және терме тыңдау үшін қолданамын. Жалпы, кітап оқығанды жақсы көремін. Орыс классиктерін де, қазақ жазушыларының шығармаларын да көп оқыдым. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысамын. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына шахмат ойнауды үйретемін», – дейді ақсақал.

Мұратхан Купиев ұзақ өмір сүрудің басты шарттарының бірі – адам өз мүмкіндігіне қарай үнемі қимылдап, еңбектеніп, ой-өрісін дамытып отыруы деп есептейді. Оның өмір жолы – ұстаздық пен спортты, білім мен еңбекті қатар алып жүрудің үлгісі. Бала күнінде білім алу үшін күн сайын ондаған шақырым жаяу жүрген Мұратхан ақсақал бүгінде 87 жасында да қозғалыстан қол үзбей, жас ұрпаққа білгенін үйретіп жүр.

«Қазіргі уақытта да қарап жатқан жоқпын. Күнделікті жаттығу жасаймын, стадионда жүремін, бақшамды күтемін. Адам көп қимылдауы керек», – дейді ол.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button