Жаңалықтар

Ет неге қымбаттап жатыр – министр себебін айтты

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ет бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

 «Ең бастысы – ет тапшылығы жоқ»

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда ішкі нарықта ет тапшылығы байқалмайды.

«Бүгінде ең бастысы – сауда орындарында ет бар. Өткен демалыс күндері нарықтағы бағаны бақыладық. Сүйекті сиыр етінің келісі шамамен 3700 теңге. Сауда желілерінде баға сәл жоғары», – деді министр.

Әлемдік сұраныс елдегі бағаға әсер етеді

Министрдің айтуынша, елдегі ет бағасына ішкі факторлар ғана емес, жаһандық нарықтағы өзгерістер де ықпал етеді. Соңғы уақытта әлемде етке деген сұраныс өсіп, бұл экспорттық нарықтағы бағаның көтерілуіне әсер еткен.

Оның сөзінше, әсіресе Қытай мен Африка елдерінде ет тұтыну көлемі артып келеді. Сонымен қатар Парсы шығанағындағы геосаяси жағдай да қой еті нарығындағы бағаға ықпал еткен.

«Бизнес экспортты таңдайды»

Журналистер министрден әлемдік нарықтағы өзгерістердің қазақстандық ауыл тұрғындары өсіретін малдың бағасына қалай әсер ететінін нақтылап сұрады. Алайда Арман Шаққалиев Қазақстанның да жаһандық нарықтың бір бөлігі екенін айтты.

«Қытайда ет тұтыну айтарлықтай өсті, Африкада да сұраныс артып келеді. Жалпы әлемде тұтыну құрылымы өзгеріп жатыр. Біз де осы жаһандық процестердің ажырамас бөлігіміз. Сондықтан әлемде баға өссе, оның әсері бізге де келеді. Мысалы, Өзбекстанда сұраныс жоғары болғандықтан, кәсіпкерлер өнімін сол жаққа экспорттауды таңдайды», – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін министр қазақстандықтарға тауарларды уақтылы жеткізуге кепілдік беретін маркетплейстерді таңдауға кеңес берген еді. 

Back to top button