ERG Қазақстандағы үш еншілес компаниясын таратуға кірісті
Eurasian Resources Group құрамына кіретін ERG Exploration бірнеше еншілес компаниясын тарату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы компанияның былтырғы қаржылық есебінде көрсетілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қандай серіктестіктер таратылады
ERG Exploration пайдалы қазбалар кен орындарын барлап, игерумен айналысып келеді. Компания жобалау, далалық және геофизикалық жұмыстар, ұңғымаларды бұрғылау секілді геологиялық барлаудың толық циклін жүзеге асырады.
Есепке сәйкес, биыл мамыр айында топ иелері «Надеждинское», «Джаркульское» және «Елтай-4» ЖШС-ды таратуға келісім берді.
ERG Exploration «Надеждинское» және «Джаркульское» компанияларындағы үлестің 85%-ына, ал «Елтай-4»-тегі үлестің 81%-ына иелік еткен. Қалған үлестер «Тобол» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі болды.
«Елтай-4» учаскесіне қатысты есепте компанияның 2023 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексінің талаптарына сәйкес келісімшарттық аумақты мемлекет пайдасына қайтару рәсімін бастағаны көрсетілген, – делінген мәліметте.
Дегенмен 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдайға сәйкес келісімшарттық аумақты мемлекетке қайтару рәсімі әлі аяқталмаған.
Темір кенін барлауға қызығушылығы кеміді ме
Осыған байланысты ERG-нің темір кенін барлау бағытындағы жоспарларына қатысты сұрақ туындайды.
Айталық, бұған дейін Telegram-дағы Metals & ESG Trends арнасы хабарлағандай, Qarmet ERG-нің Қостанай облысындағы темір кеніне қатысты активі – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігін (ССГПО) сатып алуы мүмкін.
Егер бұл мәміле жүзеге асса, ERG-нің темір кенін барлау бағытындағы мүддесі бұрынғыдан төмендеуі ықтимал.
Қанша лицензиясы бар
2025 жылдың соңында ERG Exploration-ның 18 лицензиясы болған. Олардың ішінде Ақтөбе облысындағы екі учаске, сондай-ақ Ақмола облысындағы Майбалық учаскелеріне берілген үш лицензия өткен жылы ұзартылып, мерзімі 2030 жылға дейін созылған.
Компанияның Ақтөбе облысындағы Воронинский, Швабринский, Соркөл, Үймола, Бақай Батыс және Бақай Шығыс учаскелеріндегі жер қойнауын пайдалану құқықтары 2028 жылға дейін жарамды.
Сонымен қатар геологиялық барлау бағытындағы ERG еншілес компаниясының Ақтөбе облысындағы Соркөл Батыс, Бақай-Солтүстік және Оңтүстік Кемпірсай учаскелеріне берілген лицензиялары 2029 жылға дейін қолданыста.
Аталған облыстағы Солтүстік Шуылдақ аумағы мен Қостанай облысындағы Спиридонов алаңына берілген жер қойнауын пайдалану құқықтарының мерзімі 2030 жылға дейін жарамды.
Қаржылық көрсеткіштері
ERG Exploration-ның 2025 жылғы кірісі 5,3 млрд теңгені құраған.
Сонымен бірге компания жыл қорытындысында 325 млн теңге шығын көрсетті.