Эр-Риядқа жасалған шабуылдар: қаза болғандар арасында қазақстандықтар бар ма
Алдын ала мәліметке сәйкес, Сауд Арабиясына жасалған шабуылдар салдарынан ажал құшып, зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстан ұстанымы қандай
Ресми ақпаратпен ҚР Сыртқы істер министрлігі бөлісті. Бұған дейін олар йемендік хуситтердің Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған шабуылдарын айыптаған болатын. Оқиға салдарынан адам өлімі тіркелген.
Министрлік мұндай әрекеттердің гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайтынын, халықаралық құқық нормаларына қайшы екенін атап өтті.
Қаза болғандар мен жарақат алғандар
Мәлім болғандай, Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежай зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуылына ұшыраған. Шабуылдарға йемендік хуситтер жауапты деп танылып отыр.
Тоқтаусыз жасалған соңғы шабуылдар салдарынан 12 адам көз жұмып, тағы 309 адам жараланған. Ажал құшқандар арасында Сауд Арабиясы, Бангладеш, АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар.
Зардап шеккендер мен шабуылдың мән-жайы туралы ақпарат нақтыланып жатыр.