$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарСпорт

Елена Рыбакина ресми түрде WTA рейтиңінде көш бастады

US Open чемпионы Рыбакина әлемнің үздік теннисшісі атанды

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған әлемдік рейтиңінде бірінші орынға көтерілді. US Open турнирінде топ жарған спортшының еншісінде 9901 ұпай бар. Ол Қазақстан теннисі тарихында жекелей сындағы әлемдік рейтиңін бастаған алғашқы ойыншы атанды, деп хабарлайды Tizgin.kz Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Рыбакина Соболенкодан қанша ұпайға озды

Бұған дейін екінші орында тұрған Рыбакина жаңартылған рейтиңде Арина Соболенконы басып озды. Қазір Соболенко 7875 ұпаймен екінші сатыда тұр. Екі теннисшінің арасындағы айырма – 2026 ұпай.

Үздік үштікті 7265 ұпай жинаған америкалық Джессика Пегула түйіндеді.

Осылайша, 27 жастағы Рыбакина WTA тарихында әлемнің бірінші ракеткасы атанған 30-шы теннисші болды. Қазақстандық ерлер мен әйелдер арасында бұған дейін ешкім жекелей сындағы әлемдік рейтингтің көшін бастаған емес.

US Open-дегі жеңіс тарихи жетістікке ұласты

Әлемдік рейтиңдегі бірінші орын үшін күресте АҚШ ашық чемпионаты шешуші рөл атқарды. Турнир басталғанда көшбасшылыққа Рыбакинамен бірге Арина Соболенко, Джессика Пегула және Коко Гауфф та үміткер болған. Рыбакина ширек финалда қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңіп, жартылай финалға шыққан сәтте-ақ рейтиңде бірінші орынға көтерілетіні белгілі болды. Осы жеңістен кейін турнирдегі қалған кездесулердің нәтижесі оның көшбасшылығына әсер ете алмайтын еді.

Алайда қазақстандық теннисші бұл жетістікпен шектелмей, чемпиондық атақты да жеңіп алды. Финалда ол Соболенконы үш сетте 6:4, 5:7, 6:2 есебімен ұтты.

Бұл – Рыбакинаның US Open-дегі алғашқы, ал «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулы. Нью-Йорктегі жеңісімен ол чемпиондық жүлдені иеленіп қана қоймай, Қазақстан теннисінің тарихына жаңа белес қосты.

Back to top button