$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Экс-министр Ерлан Нысанбаев жаңа қызметке тағайындалды

Ерлан Нысанбаев Қазақстан Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты Үкіметтің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін Нысанбаев Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарған. Үкіметтің жаңа құрамында бұл ведомствоны Әлибек Қуантыров басқарды.

Ерлан Нысанбаевтың өмірбаяны

Ерлан Нысанбаев Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1983 жылы Алматы облысындағы Ұйғыр орман шаруашылығында шебер болып бастаған.

1991-2004 жылдары коммерциялық ұйымдар құрылымында жұмыс істеді. 2004-2009 жылдары «Астана-Зеленстрой» АҚ-да басшылық қызметтер атқарды. 2009 жылы Ерлан Нысанбаев Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы болды.

Әр жылдары Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2021-2023 жылдары Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті басқарма төрағасының стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары қызметінде жұмыс істеді.

2023 жылғы наурыздан бастап Астана қаласы әкімінің кеңесшісі болды.

2023 жылғы 5 қыркүйектен 2026 жылғы 28 тамызға дейін Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарды.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button