TOP-2Тергеу

Экс-депутат Бақытгүл Хаменова түрмеде отырмайтын болды

Мәжілістің бұрынғы депутаты әрі Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың сот үкімі бойынша кейінге қалған жазасы жеңілдетілді, деп хабарлайды Ақжайық.

“ТӘРТІПТІ БҰЗБАҒАН”

Басылымның жазуынша, 16 наурызда Атырау қаласының №2 соты пробация қызметінің ұсынысын қараған. Хаменоваға шыққан үкімді орындауды кейінге қалдыру мерзімі 2026 жылғы 10 наурызға дейін деп белгіленген.

“Пробация қызметінің мәліметінше, Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындаған. Осы мән-жайларды ескере отырып, сот ұсынысты қанағаттандырды. Өтелмеген жаза бөлігі сол мерзімге пробациялық бақылаумен 7 жыл бас бостандығын шектеуге ауыстырылды”, – делінген хабарламада.

ХАМЕНОВАҒА ШЫҚҚАН ҮКІМ

2022 жылы 15 қарашада осы сот Хаменованы ҚЫлмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша (пара алу) кінәлі деп таныған. Оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Үкімнің орындалу мерзімі Бақытгүл Хаменованың кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты үш жылға кейінге қалдырылған.

Іс материалдарына сәйкес, әңгіме Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнату жобасын іске асыру кезінде 4,5 млн теңге көлеміндегі пара туралы болған. Сот сондай-ақ мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарған. Хаменова өз кінәсін мойындамаған және үкімге шағымданған, алайда ол өзгеріссіз қалған.

Back to top button