Эбола індеті күшейді: Конгода 1 405 адам қайтыс болды
Конго Демократиялық Республикасында Эболадан қайтыс болғандар саны 1,4 мыңнан асты
Елдің Байланыс және БАҚ істері министрлігінің мәліметінше, өлім-жітім көрсеткіші 43,9%-ды құрайды. Бұл туралы Tizgin.kz порталы ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Эболадан көз жұмғандар саны артып келеді
Конго Демократиялық Республикасында зертханалық түрде расталған Эбола безгегінен қайтыс болғандар саны 1 405 адамға жетті. Соңғы бір тәулікте бұл көрсеткіш 51 адамға артқан. Бұл туралы елдің Байланыс және БАҚ істері министрлігі хабарлады.
Жүздеген адам бақылауда
Қазіргі уақытта Эбола жұқтырғандар саны 3,2 мыңға жуық. Соңғы 24 сағат ішінде тағы 125 жаңа жағдай тіркелген. Өлім-жітім деңгейі 43,9%-ды құрап отыр.
Ауруханалар мен оқшаулау орталықтарында Эбола жұқтырды деген күдікпен 773 адам ем қабылдауда. Ал вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды бақылау көрсеткіші 77,8%-ды құрайды.
Індет бес провинцияға таралған
Эбола індетінің өршуі 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасының шығысында және Угандада басталған. Ауру ошағы КДР-дың Итури провинциясында орналасқан. Қазіргі уақытта індет елдің бес провинциясына таралған.
Эбола індеті халықаралық төтенше жағдай деп танылды
Еске сала кетсек, биыл мамыр айында Конгода эбола вирусынан қайтыс болғандар саны 136 адамға жеткенін жаздық. Эбола безгегінің өршуі 15 мамырда жарияланды. Бұл — 1976 жылдан бері Конго Демократиялық Республикасында эбола тіркелген 17-ші жағдай. Аурудың ошағы Итури провинциясында орналасқан, алайда расталған жағдайлар көршілес Солтүстік Киву провинциясында да тіркелген.
Індеттің қоздырғышы – Бундибугио штаммы, оған қарсы әзірге вакцина да, ресми түрде бекітілген ем де жоқ. 17 мамыр күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында эбола мен Угандадағы Эбола індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады