Жаңалықтар

Димаштың әндері Чилиде шырқалды

Чилидің Вальдивия қаласында әлемге танымал Димаш Құдайберген шығармашылығына арналған мәдени акция өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

60 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Әншінің командасы мұның Вальдивия апталығы аясында ұйымдастырылғанына айтты. Бұл – қаланың құрылған күніне арналған жыл сайынғы ірі фестиваль. Дәстүрлі мереке мәдени, музыкалық және қоғамдық іс-шаралармен өріліп, ондаған мың тұрғын мен туристің басын қосады. Биылғы думанға 60 мыңнан астам адам қатысқан.

Бастама Чилидің әр қаласындағы Димаш жанкүйерлерінің күшімен жүзеге асқан. Вальдивияға Калама, Сантьяго, Винья-дель-Мар, Консепсьон, Чильян, Лос-Анджелес және Темуко қалаларынан жиналған Dears қауымдастығы өкілдері арнайы келді. Кейбірі мерекеге қатысып, қазақстандық өнерпаз шығармашылығын жаңа тыңдарманға таныстыру үшін 850 шақырымға жуық жол жүрген.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНЕРПАЗДАРДАН КІМДЕР БАР

Мереке күндері толассыз жауған жаңбырға қарамастан, акцияға қатысушылар қала жағалауында жұмысын жалғастырып, QR-кодтары бар ақпараттық материалдар таратты. Соның арқасында қонақтар мен туристер Димаш әндерін тыңдап, оның шығармашылығы туралы кеңірек мәлімет алу мүмкіндігіне ие болды.

Музыкалық бөлім қала мейрамханаларының бірінде өткен камералық кездесумен жалғасты. Кеш аясында чилилік әнші Пабло Ромеро өнер көрсетіп, «All by Myself», «Mahabat Ber Magan», «Adagio» және «S.O.S.» туындыларын орындады.

Back to top button