TOP-2Спорт

Дастан Сәтпаев дебют жасаған матчта «Бернли» 1:3 есебімен жеңілді

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев Англия Чемпионшипінде алғаш рет алаңға шықты. «Бернли» сапындағы дебюттік кездесуінде ол 35 минут ойнады, алайда командасын жеңілістен құтқара алмады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сәтпаев 57-минутта ойынға қосылды

«Бернли» Чемпионшип аясындағы кезекті кездесуін сырт алаңда «Вест Бромвичке» қарсы өткізді. Қонақтар матч барысында есеп ашқанымен, басымдығын сақтап қала алмай, 1:3 есебімен жеңілді.

Дастан Сәтпаев алаңға 57-минутта Джош Лоранның орнына шықты. Сол сәтте «Бернли» 1:2 есебімен ұтылып жатқан еді. Бас бапкер Ники Хайен қазақстандық вингерді шабуылды күшейту мақсатында ойынға қосқанымен, арада бес минут өткенде алаң иелері пенальтиден үшінші голын соқты.

Сәтпаев шабуылдың оң және сол қапталында ойнап, доп қабылдау үшін белсенді түрде ашылуға тырысты. Кей сәттерде оған допқа ие болу үшін өз айып алаңына дейін шегінуге тура келді. Дегенмен қазақстандық футболшы қарсылас қақпасына тікелей қауіп төндіретін нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады.

Ойын статистикасына сәйкес, Сәтпаев қарсыласына бір рет ереже бұздырды. Айып алаңына бағыттаған екі пасы дәл болмады. Ал шабуылдың соңғы үштен бір бөлігіне жасаған төрт пасының үшеуі әріптесіне жетті. Flashscore оған 6,1 ұпай берді.

Алда өзін дәлелдеуге мүмкіндік бар

Бір матч пен алаңда өткізген 35 минутқа қарап Сәтпаевтың Англиядағы болашағына қатысты кесімді қорытынды жасауға әлі ерте. Ол жаңа командаға қосылып, Чемпионшиптің қарқыны мен ағылшын футболының талаптарына бейімделіп жатыр. Ендігі мәселе – бапкердің оған қаншалықты сенім артып, алаңға қаншалықты жиі шығаратынында.

«Бернли» келесі кездесуін 26 тамызда Англия Лигасы кубогы аясында «Брэдфорд Ситиге» қарсы өткізеді. Бұл матчта Ники Хайен Сәтпаевқа алғашқы минуттардан бастап мүмкіндік беруі ықтимал.

Ал 29 тамызда «Бернли» Чемпионшиптің алғашқы екі турынан кейін турнир кестесінің төменгі жағында тұрған «Норвичпен» кездеседі. Алдағы екі ойын қазақстандық вингер үшін өзін негізгі құрамға лайық футболшы ретінде көрсетуге берілген маңызды мүмкіндік болмақ.

Back to top button