«Анализ ала алмай бәріміз жыладық»: Каспийдегі трагедияда берет оқиғасына куә болған дәрігерлер
Маңғыстауда 14 сарбаз қайтыс болған кезде аман қалған Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова ұлының досы киген беретті ешкімге бермей, ұстап жатқан сәтінен бір оқиғаны бөлісті. Ол сол оқиғаны көрген дәрігерлердің бәрі анализ ала алмай, беретті ұстап жатқан Ақжолды көріп көз басына ерік бергенін айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Ақжолдың өмірін «дейін» және «кейін» деп екіге бөлген сол күні… Ол жан досы Азаматтың беретін қолынан тастамай, жедел жәрдем көлігінде өзіне көмек көрсетуге келген фельдшерлерге де: «Азаматтың беретін бермеймін…» депті. Кейін қабылдау бөліміне түскенде де беретін ешкімге бермеген.
«Азаматтікі… Өзім беремін» деп ұстапты. Кейін алғысымды айту үшін төменге түскенімде, дәрігерлер көздеріне жас алып: «Мен анализ ала алмадым… Беретін бермей, бәрімізді жылатты» деп айтты. Сол сәтте ана жүрегім тағы бір нәрсені түсінді… Мен Алладан ең бірінші балдарымның амандығын сұрайтын едім.
Ал екінші тілегім – балаларыма адал дос жолықтырса екен деп тілейтін едім. Өйткені шынайы достықтың қадірін Ақжолдың қолындағы сол берет үнсіз-ақ айтып тұрғандай…
Аллама мың да бір шүкір, менің баламның, біздің отбасымыздың, енді бүкіл халықтын өмірінде Азаматтың барына. Азамат балам… Жатқан жерің жайлы болсын. Сенің есімің де, достығың да, жарқын бейнең де біздің жүрегімізде мәңгі сақталды Сен ұмытылмайсың… Өйткені сен бір ананың баласы ғана емес, бір достың жүрегінде мәңгі қалған адал доссың”, – деп жазды Самал Кеуелова.
Ақжол Темірхан сол қайғылы күні аман қалған үш сарбаздың бірі. Мемлекет басшысының жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ақжол Темірхан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған еді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.