$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЕрекшеҚоғамЭксклюзив

«Дабыл қағудың қажеті жоқ»: Абзал Құспан Мұхтар Тайжан көтерген мәселемен келіспеді

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жер мәселесі бойынша желіде көтерілген мәселе негізсіз екенін айтып, заңның баптары шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге немесе сатуға жол бермейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бірнеше күн бұрын қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан әлеуметтік желіде жазба қалдырып, егер биыл жаңа заңды қабылдамаса, 2027 жылдан бастап, Қазақстанның жерінің 80% (ауыл шаруашылығына арналған) жеке меншікке сатыла бастайды деп жазған еді. Оның сөзінше, 2021 жылы 5 жылға ғана енгізілген мораторий 2026 жылы аяқталады.

Tizgin.kz осы мәселе турасында депутат Абзал Құспанның пікірін сұрады.

“Мен мұны естіп таңғалдым. Өйткені Мұхтар Тайжан екеуміз 2016 жылғы жер митиңінен кейін Мұхтар Тайжанның арағайындық етуімен жұмыс тобына қатыстым. Жер кодексіне сол кезде өзгерістерді енгіздік. 2022 жылға дейін енгізілді. Соған сәйкес, жер кодексінің 97-бабы және 191-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шетелдіктерге жалға берілмейтіні, сатылмайтыны бекітіліп тұр”, – дейді депутат.

Абзал Құспан Мұхтар Тайжанның желідегі жазбасын жер митиңінен кейін сотталған белсенді Макс Боқаевтың бөліскенін көргенін, сол жазбаға аталған баптарды көрсетіп жазғанын айтады. 

“Мораторий әлдеқашан жойылды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жалға берілмейтіні, сатылмайтыны (шетелдіктерге) заңда бекітіліп тұр. Заң неге бекітілмеген деп жазғанын түсіне алмадым. Менің ойымша, дабыл қағудың ешқандай қажеті жоқ. Мен керісінше, жерасты қазба байлықтарын шетелдіктерге берілмеуі туралы заңды күшейтетін норманы дайындап жатырмын. Өйткені ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша менде сұрақ жоқ. Ал жерасты қазба байлықтарына байланысты алаңдатарлық жағдайлар бар”, – дейді ол.

Депутат жерасты қазба байлықтары бойынша энергетика министрлігінен құжаттарды сұратып жатқанын мәлім етті.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button