TOP-2Жаңалықтар

Блогер Айтым Жақыпов жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды

Танымал блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов Астанада жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі бірден бірнеше жол қозғалысы ережесін бұзған видео тарады. Жарияланым авторының мәліметінше, оқиға Астанадағы LRT желісінің бойындағы Қарқаралы тасжолында болған.

Жазба авторының айтуынша, жүргізуші жол жиегімен жүріп, жол белгілерінің талаптарын елемеген. Бұрылыс белгісін қоспай маневр жасап, апаттық жағдай туғызған, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан.

Әлеуметтік желі қолданушылары ереже бұзушының кім екенін көп ұзамай анықтады. Олар пікірлерінде Айтым Жақыповты көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы танығандарын жазды. Көп ұзамай блогер рөлде өзі болғанын растады және болған жағдай үшін көпшілік алдында кешірім сұрады.

«Расымен де, қатты асықтым. Егер қолайсыздық тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын!» – деп жазды блогер.

Видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Пікір білдірушілердің бір бөлігі блогерді жолдағы қауіпті әрекеті үшін жүргізуші куәлігінен айыру қажет екенін айтты. Ал өзгелері оның спортпен айналысатынын ескеріп, жаза ретінде «200 рет бёрпи» жасауды әзілдеп ұсынды.

Айыппұл салынды

Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі құқық бұзушылықтың әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталғанын хабарлады.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Mercedes-Benz маркалы автокөлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны түсірілген видео анықталды. Жүргізушінің жеке басы анықталды. 34 жастағы құқық бұзушы жол белгілерінде көрсетілген талаптарды сақтамағаны, қарсы бағытта жол айырысу және маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция.

Айтым Жақыпов – қазақстандық танымал блогер әрі спортшы. Оның Instagram желісіндегі парақшасына 3,9 миллион адам жазылған. Ол воркауттан рекорд орнатқан спортшы, пауэрлифтер және шамадан тыс артық салмағы бар адамдарға көмектесуге бағытталған жобалардың авторы ретінде кеңінен танылды.

Back to top button