Бірнеше өңірде +44°C ыстық қайта оралады
Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауады. Алайда елдің батыс өңірлеріне аптап ыстық қайта оралып, ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
23–25 шілдеге арналған ауа райы болжамы
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 23–25 шілде аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстан аумағы арқылы жылжитын солтүстік-батыс циклоны елдің басым бөлігінде найзағаймен бірге жаңбыр жаудырады. Кей өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін.
Батыста +44 градусқа дейін ыстық болады
Суық ауа массаларымен қоректенетін циклон жаңбырмен қатар ауа температурасының төмендеуіне де әсер етеді.
Алайда Қазақстанның батыс өңірлеріне Иран аумағынан жылы әрі құрғақ ауа массалары келе бастайды.
«Қазгидромет» мәліметінше, соның салдарынан жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы көтеріледі. Күндіз ауа температурасы +34…+39 градусқа дейін жетсе, жекелеген аудандарда аптап ыстық +40…+44 градусқа дейін көтеріледі.