“Ұстаным болу керек”: Бектенов екі министрге 10 күн берді
Үкімет басшысы уәкілетті органдар елге заңсыз әкелінген көліктерді анықтауды әлі жалғастырып жатқанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Талапқа сай келмейді
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында қаржы министрі мен өнеркәсіп және құрылыс министріне он күн ішінде автокөліктердің елге заңсыз әкелінуіне жол бермеу бойынша кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.
Үкімет басшысының айтуынша, уәкілетті органдар елге заңсыз әкелінген көлік құралдарын анықтауды жалғастырып жатыр. Мұндай автомобильдердің көпшілігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді.
«Бұл алдымен кеден заңнамасы нормаларын қолдану кезінде тіркелген олқылықтарға байланысты. Қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру кезінде нақты әрі бірізді ұстаным болуы керек», – деді Бектенов.
Нәлібаевке тапсырма
Премьер-министр жаңа тәсілдер кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласында 1 қыркүйектен бастап іске қосылуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ халық арасында қабылданатын шаралар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Оның орындалуын бақылап, үйлестіру премьер-министрдің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.