Жаңалықтар

Бәйдібектегі шулы депутат Қытай азаматшасын зорлады деген күдікке ілінді

Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, деп жазады Tizgin.kz.

Қытай инвесторының арызынан кейін іс қозғалған

Тараған мәліметке сәйкес, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Алматы қаласының тұрғынынан арыз түскен. Ол Қытай Халық Республикасының төрт азаматы – әлеуетті инвесторлармен бірге Бәйдібек ауданындағы Байжансай ауылына келгенін айтқан. Арызда шетелдік кәсіпкерлердің өңірдегі қорғасын-мырыш кен орнын игеру жобасына қызығушылық танытқаны көрсетілген. Қонақтарды аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев қарсы алып, олармен бірге жүрген және кейін олардың демалысын ұйымдастырған.

Депутатқа ауыр айып тағылып отыр

Арыз иесінің мәлімдеуінше, депутат кейін 34 жастағы Қытай азаматын өз көлігімен елді мекеннен тыс жерге алып кеткен. Оның айтуынша, сол жерде жәбірленушінің еркінен тыс жыныстық сипаттағы әрекет жасалған. Halyqstan басылымның хабарлауынша, аталған дерек бойынша Бәйдібек аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.

Полиция іс қозғалғанын растады. Алайда депутаттың есім-сойын атаған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен Ерғали Аманбаев бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған болатын.

Құқық қорғау органдары әзірге бұл іс бойынша ресми қорытынды жариялаған жоқ. Қазақстан заңнамасына сәйкес, тұлғаның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана дәлелденеді.

Back to top button