TOP-2Спорт

Байсуфиновтың орнына бас бапкер табылды ма – ҚФФ жауап берді

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров Ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін іріктеу қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

КУЛУАРДА НЕ АЙТЫЛДЫ

Үкімет кулуарында журналистер сұрағына жауап берген федерация басшысы қазір Бапкерлер кеңесі отандық және шетелдік мамандар кандидатураларын жан-жақты қарастырып жатқанын айтты.

«Қазір біз үшін ең маңыздысы сол, Ұлттық құрамаға лайықты бас бапкер таңдау. Бапкерлер кеңесі қазақстандық мамандарды да, шетелдік үміткерлерді де саралап жатыр. Соның ішінен құрама алдына қойылған міндеттерді орындай алатын лайықтысына тоқталамыз», – деді Омаров.

БАЙСУФИНОВ ҚЫЗМЕТІНЕН НЕГЕ КЕТТІ

Сондай-ақ ҚФФ президенті Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфиновтың қызметінен өз еркімен кеткенін растады. Оның айтуынша, федерация бұл шешімді түсіністікпен қабылдаған.

«Бұл – Талғат Байсуфиновтың өз бастамасымен қабылдаған шешімі. Біз оны құрметпен қабылдадық. Әрине, мұндай өзгеріс бізге оңайға соқпады. Дегенмен федерация алға қойған жоспарын жүзеге асыруды жалғастырады. Біз Талғат Байсуфиновқа ел футболына сіңірген еңбегі үшін алғыс айтамыз. Ең бастысы – оның федерация жүйесінде қалып, қазақстандық футболдың дамуына әрі қарай да үлес қосатыны қуантады», – деді ҚФФ президенті.

Back to top button