Аутизмі бар балаларға әлеуметтік көмек көрсету тәсілі өзгереді
Елде аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен жұмыс істеудің жаңа тәсілі әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әр балаға жеке тәсіл қарастырылады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа нұсқаулық әлеуметтік қызметкерлерге әр баланың жағдайы мен отбасының қажеттілігіне қарай жеке тәсіл таңдауға көмектеседі.
«Әзірленіп жатқан нұсқаулық – отбасылармен күнделікті жұмыс істейтін мамандарға арналған практикалық құрал. Онда нақты жағдай мен отбасының сұранысын ескере отырып, жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін түсінікті алгоритмдер мен ұсынымдар ұсынылады», – делінген хабарламада.
Құжатта отбасымен алғашқы әңгімелесуден бастап негізгі мәселелерді анықтау, бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу, дәрігерлер мен педагогтерді тарту тәртібі қамтылмақ. Сондай-ақ көрсетілген көмектің бала мен оның отбасына қаншалықты тиімді болғанын бағалау жолдары ұсынылады.
Отбасының пікірі назарда
Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы баланың отбасымен тығыз байланыс орнатуға негізделмек. Министрлік мұны баланың қажеттілігін ең алдымен оның жақындары жақсы білетінімен түсіндіреді.
Ведомствоның мәліметінше, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалардың қажеттілігі мен даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан барлық балаға бірдей тәсіл қолданудың орнына, көмек әр отбасының нақты жағдайына қарай белгіленуі тиіс.